«Қаллеки» театрында «Зере» спектаклі қойылады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Қаллеки» театрында «Зере» спектаклі қойылады
ашық дереккөз

Сонымен қатар, театр фойесіне қарашаңырақ сахнасына алғаш Қарагөз болып қадам басқан актрисаның М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры мұражайынан алынған көрмесі ұйымдастырылады. «Зере» драмасы - актрисаның табиғи таланты мен ерекше болмысына арнайы жазылған туынды. Авторы – Ұлықбек Есдәулет. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Зере бейнесінде – Қазақстанның Халық артисі Гүлжан Әспетова. Қазақтың ұлт ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» атты драмасы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан бек таныс классикалық кейіпкерлерді көрермен қауыммен қайта жүздестіреді. Алып анадан туады. Абайдың әкесі Құнанбайдың аға сұлтан болмас бұрын, жас шағында дана, мейірбан анасы Зереден алған тәлім-тәрбиесі тектіліктің нышанына айналады. Зере – от басы, ошақ қасындағы өктем бәйбіше ғана емес, елінің мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін көре білетін дана, мейірбан ана. Отаршылдықтың қамыты азат басқа киілгенде елдік рухты жоғалтпай сақтайтын кие қазақ аналарының бойында ежелден бар екенін ақын ақ өлеңмен, кейіпкерлер табиғатын тани білуімен бере алған. Спектакльдің премьерасы 2017 жылы өтті. Гүлжан Әспетова 1946 жылы 28 мамырда Жамбыл облысының, Меркі ауылында дүниеге келген. 1963-1967 жылдары Алматыда Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факултетін А.Тоқпановтың сыныбында оқып бітірді. 1967 жылы дипломдық жұмысында М.Әуезовтің «Қаракөздегі» Қаракөз рөлін сәтті орындап, қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылды. 1999 жылға дейін сол шаңырақта үзіліссіз еңбек етіп келді. Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» - Жәмилә, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай!» - Күнсұлу, Қ.Мұқашев «Дала дастаны» - Мақпал, О.Бөкей «Құлыным менің» - Анар, т.б. рөлдерде шынайлығымен ерекшеленеді. Актрисаның ұлттық және әлемдік драматургия бойынша қойылған спектакльдерде сомдаған рөлдері: М.Әуезов «Қаракөз» - Қаракөз, «Қара қыпшақ Қобыланды» - Құртқа, Н.Хикмет «Фархад Шырыны» - Мехменебану, Т.Ахтанов «Ант» - Бәтимә ханым, Л. Дюрко «Электра, сүйіктім менің» - Электра, У.Шекспир «Асауға тұсау» - Катарина, «Юлий Цезарь» - Кальпурния, Софокл «Эдип патша» - Иокаста, М.Булгаков «Жендеттер» - Мадлена, Д.Исабеков «Кішкентай ауыл» - Ардақ, «Ескі үйдегі екі кездесу» - Зейнеп, Ш.Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» - Найман ана, А.Тасымбеков, Қ.Ысқақов, Б.Атабаев «Кебенек киген арулар» - Қазия, Р.Мұқанова «Мәңгілік бала бейне» - Ұзынғайша, Ш.Айтматов «Ана-Жер ана» - Толғанай, «Ғасырдан да ұзақ күн» - Найман ана, Ә. Сарай «Балуан Шолақ» - Балуаның анасы, Ф. Буляков «Күйеуге шыққан кемпірлер» - Фатима, В. Дельмар «Баянсыз бақ» - Люси Купер, Дж. Патрик «Қымбатты Памела» - Памела, Т. Джюдженоглу «Көшкін» - Бәйбіше, Ұ.Есдәулет «Зере» - Зере; Фильмдегі рөлдері: «Қазақфильм» киностудиясының «Несібелі», «Тоғызыншы ұлдан қорық», «Жау», «Мосфильмнің» «Киттер кеткенде», «Ақ бақсы» көркем туындыларында, «Еңлік-Кебек» телефильмдерінде басты рөлдерге түсті. Спектакльдің басталуы: 28 мамыр сағат 19.00-де.