«Біз – бақытты отбасымыз» қалалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Біз – бақытты отбасымыз» қалалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды
ашық дереккөз

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байқауға оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Конкурсқа Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі мекемелерінен - 16, мектептерден - 71, колледждерден - 13, барлығы 90 отбасы қатысты. «Бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезеңінің алғашқы кездері барлығымызға ауыр болғаны шындық. Біз сол қиын-қыстау кезде ата-аналармен жұмыс жүргізіп, онлайн түрде семинарлар өткізіп тұрдық. Әртүрлі отбасылармен жұмыс жасап, қашықтан байланыс жасау арқылы осы сайысты былтырдан бері қолға алған болатынбыз. Ол кезде 17 отбасы қатысты. Бұл бастамамыз өте жақсы қолдау тауып, биыл сайысқа 90 отбасы қатысуда. Сол 90 отбасының ішінен оза шапқанын анықтап, барлық критерий бойынша сараптаған кезде 32 үздік бейнероликті таңдап алдық. Олардың ішіндегі 10 отбасын бүгінгі марапаттау рәсіміне шақырдық. Отан — отбасынан басталады. Биыл - Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Мемлекетіміз мықты болып, өркендеп дамуына әрбір отбасының үлесі бар деп ойлаймын. Себебі отбасы — шағын мемлекет. Әрбір отбасы бақытты болуға лайықты», — деді "Астана дарыны" дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы директорының орынбасары Гүлбақыт Буралкиева. Қатысушылар берілген уақыт ішінде отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді, отбасы ынтымақтастығын, мәдениетті қарым-қатынасты көрсете білген. Қазылар алқасы қатысушылардың бейнероликтерін бағалау критерийлері арқылы іріктеп, конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Дәстүр ұйытқысы отбасы», «Әншілер отбасы», «Еңбекқор отбасы», «Спортшы отбасы», «Өнерлі отбасы», «Креативті отбасы», «Мерейлі отбасы» және т.б номинацилар бойынша анықтады. «Біз – бақытты отбасымыз» қалалық бейнероликтер байқауының бас жүлдесіне Әміржановтар отбасы ие болды. «Біз көпбалалы отбасымыз. Сонымен қатар ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға да көмегімізді беріп тұрамыз. Оларды спортқа баулып, еңбекқорлыққа үйрету арқылы көп жұмыс істейміз. Өзіміздің туған төрт баламыз болғанына қарамастан, өзге де балаларды қанатымызға алып, өз балаларымыздай көріп, мейірімділік танытамыз. Әр баланың өзіндік арманы болады. Сол армандардың орындалуына себепкер болып, сенімділік қалыптасыруға тырысамыз», — деді Аида Әміржанова.   Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының бас жүлде, I, II, III орын дипломдарымен марапатталды және «Go-Make» ҚҚ-ның қолдауымен ақшалай сыйақы табысталды.