«Астана Опера» театрының маусым айындағы репертуары жарияланды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Опера» театрының маусым айындағы репертуары жарияланды
ашық дереккөз

1 маусым сағат 15.00-де «Астана Опера» театрлық студиясы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өздерінің жыл сайынғы есептік концертін ұсынады. «Балалар театрға шақырады» концертінде хор ұжымы мен балет студиясының жеке әрі ұжымдық нөмірлері енген жарқын да қызықты бағдарлама орындалады. Хор студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, балет студиясының жетекшісі – Әмина Әлиева. Хормейстер – Әйгерім Амангельдиева, концертмейстерлер – Ирина Кургузкина, Эльмира Сұлтанғазина. Концерттің режиссері – Николай Коршунов. Сондай-ақ балалар студиясының концерті 22 маусым сағат 16.00-де өтеді. 1 маусым сағат 19.00-де Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті көрнекті венгр композиторының 140 жылдығына арналған «Бела Бартокты ту етіп» концерттер сериясын ұсынады. Музыкалық кеште танымал қазақстандық пианист, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Гүлжамиля Қадырбекова өнер көрсетеді. Концерт бағдарламасына «классикалық симфонияның негізін қалаушы» Йозеф Гайднның Ішекті аспаптар квартеті, до мажор ор.20, №2, Бела Бартоктың №6 ішекті аспаптар квартеті және Роберт Шуманның Кларнет пен ішекті аспаптар квартетіне арналған квинтеті, ми-бемоль мажор, ор. 44 енді. Ішекті аспаптар квартетінің құрамы: Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), Ернар Мыңтаев (виолончель), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель). 4 маусым сағат 19.00-де Voci d`amore («Махаббат үні») концертінде «Астана Опера» әртістері – опера солистері сопрано Әсем Сембина, меццо-сопрано Салтанат Мұратбекова, тенор Рамзат Балакишиев, виолончелист Данияр Қадралинов пен пианист Меруерт Жекенова тыңдарман назарына әлемдік классиканың вокалдық жауһарларын ортаға салады. Махаббат туралы музыка әртүрлі кезең және түрлі халық композиторларымен ұсынылады. Кеш аясында Дж.Россини, К.Сен-Санс, Л.Делиб, Ж.Хин сынды композиторлардың туындылары шырқалады. 23 маусым сағат 19.00-де жас опера солистері Назым Сағынтай (сопрано) мен Рамзат Балакишиев (тенор) «Романс романтикасы» атты вокалдық музыка концертін ұсынады. Сондай-ақ осы кеште Камералық зал сахнасында Әсел Жақиянова (скрипка), Зәру Жазықбаева, Жаңыл Рақымбекова (фортепиано) өнер көрсетеді. Классикалық өнерсүйер қауымды бұл кеште асқақ поэзия мен тамаша музыканы бір арнаға тоғыстырған ерекше құбылыс ретінде музыка мәдениетінен нық орын романс жанрының жарқын үлгілері күтеді. Алғашқы дыбысынан-ақ романс әуені адам жанына терең бойлайды, осынау музыкалық хикаялардың тереңдігі, шынайылығы мен тазалығы адам сезімдерінің ең нәзік қылдарын тербететін тәрізді. Кеш бағдарламасына Н.Артемьев пен Н.Ленскийдің «Но я вас все-таки люблю», Н.Зубовтың «Не уходи, побудь со мною...», Н.Листовтың «Я помню вальса звук прелестный...», И.Васильев пен А.Григорьевтің «Две гитары» және т.б. белгілі романстар енді. 26 маусым сағат 18.00-де «Күмбірле, асыл домбыра» концерті күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер әрі ұстаз, Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаршыға Ахмедьяровтың 75 жылдығына арналады. Кешке танымал қазақстандық музыканттар – көрнекті маэстроның әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары қатысады. Қазақ халық композиторларының көптеген шығармаларын өңдеу және өз пайымынша түрлендіруден бөлек, Қ.Ахмедьяров өзінің төл туындылары – «Шашақты найза шалқар күн», «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме» және т.б. күйлерін, сондай-ақ әндерін мұраға қалдырды. Мерейтойлық кеш бағдарламасында дарынды музыкант шығармашылығының сан қыры көрініс табады.