Мəдениет және өнер саласының майталмандары марапатталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мəдениет және өнер саласының майталмандары марапатталды
ашық дереккөз

Министр «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалін жазушы Әлібек Асқаровқа, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын (омырау белгісімен бірге) əнші, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт орталығының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Нәзира Мұқышеваға табыстады.

Сонымен қатар ТМД парламентаралық Ассамблеясының мәдениет және өнер саласын дамытуға өз үлесін қосқаны үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрының режисері, актер Нұрқанат Жақыпбай мен əнші Нұрлан Өнербаевты арнайы төсбелгімен (ТМД парламентаралық Ассамблея Кеңесінің төрайымы В.Матвиенконың қолы қойылған төлқұжатпен бірге) марапаттады.

Ақтоты Райымқұлова өз сөзінде жиналғандар еліміздің дамуына ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Сіздер ұзақ жылдан бері егемен елімізді өркендетуге, мәдениетін байытуға сүбелі үлес қосып келесіздер. Талмай еткен еңбектеріңіз бен қызметтеріңіздің арқасында халықтың ыстық ықыласы мен ризашылығына бөленіп жатырсыздар.

Біз өмір жолында биік белестерді бағындырған Сіздердей отандастарымыздың мол тәжірибесін әрдайым басқаларға үлгі тұтамыз. Ұлы Дала елінің өрендері өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Өскелең ұрпақ Сіздер сияқты өнегелі өнерімен, қажырлы қызметімен көпшіліктің көзайымына айналсын деп тілеймін.

Дана халқымыз «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп, дара тұлғаларының мерейін асырып отырған. Бүгін біз терең білімі мен кемел дарынын ұштастыра білген Сіздердің әр көрсеткен қызметтеріңізді мемлекет тарапынан елеп-ескеріп, қолдау көрсету мақсатында атаулы медальмен марапаттауға рұқсат етіңіздер. Алдағы уақытта да қызметте табыс, шығармашылық шабыт тілейміз! Бүгінгі марапат Сіздерді жаңа биіктерге бастай беруіне тілектеспін», - деді.