Саясаттағы серпінді өзгеріс – Нұртөре Жүсіп әкімдерді сайлауға қатысты пікір білдірді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Саясаттағы серпінді өзгеріс – Нұртөре Жүсіп әкімдерді сайлауға қатысты пікір білдірді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107914637157640.webp)
Сонымен қатар ол жергілікті басқару жүйесін жетілдіру – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы басты мәселенің бірі екенін атап өтті. «Саяси реформалар пакетін» ұсынғанда Мемлекет басшысы мұны ұдайы назарында ұстайтынын айтқан болатын. «2021 жылғы парламенттік сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліске партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне "бәріне қарсы" бағанын енгізуді ұсынды. Сенат депутаттары 20 мамырда "Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға тікелей әкімдер сайлауын енгізу және барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерді қабылдады. Оған іле-шала Мемлекет басшысы қол қойды. Заң жобасының мақсаты – аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне тікелей сайлауды енгізу. Бұл – жергілікті басқару жүйесіне үлкен өзгеріс әкелетін бастама. Жалпы, сайлау жүйесін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту, Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін төмендету туралы Президент ұсынысын қоғам айрықша ықыласпен қабыл алғанын айтуымыз керек», - деді Нұртөре Жүсіп. Сондай-ақ халық қалаулысы бұл өзгерістің қоғамға не беретінін және ауыл әкіміне үміткерлерге қандай талаптар қойылатынын талдап, айтып берді. «Сонымен, бұл өзгерістер қандай? Ол қоғамға не береді? Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне үміткерлік ұсыну: өзін-өзі ұсыну тәртібі (тиісті қалада немесе ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайызының қолдау үшін қол жинау арқылы); саяси партияларда өз мүшелері арасынан; егер ұсыну мерзімінің соңында екіден кем үміткер ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі үміткер ұсынады. Осы ретте үміткерлерге қойылатын талаптар арасында үміткердің Қазақстан азаматы болуы, жасы 25 жастан кіші емес, осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі ескерілген. Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметкер үшін жалпы шектеулер, мысалы, соттылық, жұмысқа қабілетсіздік, үміткердің заңнамада белгіленген ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі де қарастырылған. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күн. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады. Осы жаңашыл бастаманың артықшылығы мен кемшілігі алдағы тірлікте айқындалары анық. Әйтсе де өз ауылын көркейтуге барлық күш-жігерін салатын нағыз елге жанашыр азаматтар қатарын көбейтуге қабылданған заң кең мүмкіндік ашады деп сенеміз», - деді сенатор.