Қазақстандық компания Илон Масктың Жер серігін ғарышқа ұшыруға дайындайды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қазақстандық компания Илон Масктың Жер серігін ғарышқа ұшыруға дайындайды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17210791717367399.webp)
Eurasian Space Ventures негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов конференция барысында ESV мен SpaceChain-нің меморандумға қол қойғанын мәлім етті. Аталған құжат бойынша бірлескен жобалар ғарыш аймағы мен блокчейн-технологиясы төңірегінде жүзеге асырылады. Келісім бойынша қос компания ғарыш технологиясы жөнінде екі жыл бойы өзара ақпаратпен және тәжірибемен алмасатын болады. 24 маусым күні ұшатын Жер серігі орбитада Biteeu және Divine жобаларына жауап береді. SpaceChain компаниясының орбиталық ғарыш инфрақұрылымы өте қауіпсіз көп сигналды транзакциялар мен Bitcoin желісіндегі деректердің сақтық көшірмесін жасау үшін қолданылады. Divine – мұсылмандарға және бүкіл әлем бойынша исламның киелі жазбаларын түсінгісі келетіндерге Құран аудиожазбаларын спутниктен тікелей тарату үшін ғарыштық технологияны қолданатын қоғамдық жоба. Шухрат Ибрагимовтың сөзінше, оның компаниясының SpaceChain-мен серіктестік қарым-қатынасты нығайтудың мақсаты – Қазақстанның халықаралық коммерциялық ғарыштық орталығын ұсынатынын көрсету ғана емес, сонымен қатар ұйымдарға бәсекелестік артықшылықтар мен жетістікке жетудің инновациялық платформасы ретінде ғарышты ашуға көмектесу. ESV-тің миссиясы – алдыңғы қатарлы компанияларды, коммерциялық ғарыш өндірісіндегі технологиялар мен мамандарды Қазақстанға тарту, сонымен қатар осы саладағы жаңа жобаларды жүзеге асыратын бірыңғай орталық қызметін көрсету. SpaceChain басшысы Зи Чжэн ESV-мен серіктестік ғарыштық технологияны коммерциялық бағытта пайдалану мүмкіндігін іздеуді жылдамдататынын жеткізді. Оның сөзінше, SpaceChain ғарыш экономикасы үшін орталықтандырылмаған инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Ғарышты блокчейн-технологиясымен үйлестіре отырып, SpaceChain ғарыштық қосымшалардың дамуын жеңілдетіп, ғарышты қолжетімді ете түседі. Компания Қазақстанда бар ғарыш нысандары мен инфрақұрылымын тиімді пайдалану мақсатында жаһандық ғарыш индустриясындағы өз серіктестерімен ынтымақтастық мүмкіндіктерін пысықтайды. ESV екі компанияның атынан Қазақстан Республикасының "Ғарыш Сапары" Ұлттық ғарыш агенттігімен өзара іс-қимыл жасайтын болады.