Саясаттанушылар мен сарапшылар әкімдерді сайлауға қатысты пікірлерін білдірді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Саясаттанушылар мен сарапшылар әкімдерді сайлауға қатысты пікірлерін білдірді
ашық дереккөз

ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бұл заңдардың әртүрлі қоғамдық орталарда, Парламент қабырғасында сарапшылар мен қоғам белсенділерінің, саяси партия өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқылаудан өткенін айтты. [caption id="attachment_82269" align="alignnone" width="1024"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] "Бұл заңдардың қабылдануымен бірге Президенттің саяси реформалар пакеті бастамасы іске асырылды. Жалпы, Президенттің саяси реформалары аясында қазіргі уақытта 10 заң қабылданды. Бүгін қол қойылған заңдарға партиялардың Мәжіліске өтуі үшін пайыздық көрсеткіш деңгейін 7-ден 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сайлау кезіндегі бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген бағанды қосу және биылға жоспарланып отырған ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі нормалар енгізілді", - деп жазды өзінің телеграм арнасында. [caption id="attachment_82270" align="alignnone" width="1024"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] "Айта кету керек, бұл заңдар әртүрлі қоғамдық алаңдарда, Парламент қабырғасында сарапшылар мен қоғам белсенділерінің, саяси партия өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқылаудан өтті. Бұл тақырыптағы дискуссиялар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында да қозғалды. Сондықтан осы заңдарды қабылдау елдегі қоғамдық-саяси диалогтың әсерінің қандай деңгейде екенін көрсетіп отыр», - деді Ерлан Қарин.  Ал ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек Президент қол қойған заңдардың өте дұрыс бастама екенін, сайлау мәдениеті төменнен қалыптасуы қажет екенін айтты. [caption id="attachment_82271" align="alignnone" width="1024"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] «Жалпы, реформаның қарапайым аты – қозғалыс немесе әрекет. Қозғалыс пен әрекет бар жерде даму мен кері кету болады. Президент шешімдеріне аздап көңілі толмайтындар бар шығар. Қоғам болған соң ол – заңды құбылыс. Бірақ «қате», «дұрыс емес» деген ешкім жоқ. Соның бірі – осы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына енгізіліп жатқан толықтырулар – ауыл әкімдерін сайлау, сайлау босағасын бес пайызға түсіру және «Сайлау бюллетеньдеріне бәріне қарсымын!» деп жазу. Бұл өте дұрыс бастама болды. Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болады. Ол заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жерлердегі таңдаудан болуы мүмкін. Тіпті көбірек болуы да ықтимал. Ол – рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп, халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді», - деді Ауыт Мұқибек.  Сонымен қатар ол өзінің ұсынысын да айтып өтті. «Осы орайда, мен Мәжілістегі бір партияның алатын үлесін 51 пайыздан асырмауды және партиялар ұсынған кандидаттардың ішінен депутаттарды азаматтардың тiкелей сайлауына, таңдау жасауына мүмкіндік беруді ұсынар едім. Бірінші түйіні түсінікті ғой. Соңғы түйінді тарқатып айтсам, Сайлау бюллетендеріне сол үміткерлердің аты-жөні мен мамандығы жазылып, оның қасына дауыс беру белгісі қойылса, халық шын мәніндегі өз таңдауын жасар еді. Заң шығарушы органға нағыз мамандар мен тұлғалар іріктеліп баратын еді. Себебі партиялық сайлау жүйесіндегі қалыптасқан дағды және жиналған тәжірибеге сай, партиялар кандидаттыққа ешқашан да жай адамдарды таңдамайтын байқап отырмыз. Сондай-ақ халық ешқашан жаңылмайды, қай кезде де халықтың талабы мен пікірі дұрыс болып саналады. Егер бұл нормалар ескеріліп, заңға енсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы жолға қойған шын мәніндегі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру мақсаты орындалар еді деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, ауыл әкімдерін сайлау өте маңызды қадам деп есептеймін. Сайлау мәдениетінің төменнен қалыптасқаны дұрыс. Болашақта Ерлан Қарин мырза айтқандай, ауыл әкімдерін сайлау аудан, облыс, қала әкімдерін сайлауға жалғасады. Алыстан оралып, Қазақстан азаматтығын алған, он сегіз жасқа толған біздің қандастарымыздың тек Президенттікке кандидат болып түсуге ғана мүмкіндігі болмаса, өзге сайлаулардың бәріне қатысуға құқығы бар. Жұрттың күткен бір үлкен арманы осы емес пе? Сәттілік тілеймін!» - деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.  Ауыл әкімдерін сайлау туралы заңның қабылдануын тарихи маңызы бар оқиға деп бағалаған саяси ғылымдар докторы Зулфухар Ғайыпов тіпті мұны үлкен сынақ әрі емтихан деп те атады. [caption id="attachment_82274" align="alignnone" width="1024"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] «Қазақстан 30 жыл ішінде талай жолдан өтті. Ал Мемлекет басшысының ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі заңға қол қоюы болашаққа жасалған маңызды әрі дұрыс қадам деп санаймын. Осылайша, еліміз демократиялық бағытқа біртіндеп қадам басып келеді. Дегенмен көпшілік демократия ұғымын сәл басқаша түсінетін сияқты. Бірақ еліміздің 70 жыл бойы тоталитарлық кезеңді бастан өткергенін ұмытпауымыз керек. Біз де сол кезеңде дүниеге келіп, ғұмырымыздың біраз бөлігі сол кезеңде өткен ұрпақпыз. Ол кезде барлығы тек мемлекет үшін, партия үшін жасалды. Қазір мүлде басқа заман. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жұртымыздың санасы өсіп, саяси мәдениеті қалыптасты. Конституциямыздағы демократиялық нормалар біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Сол сияқты ауыл әкімдерін сайлау туралы қабылданған шешім – бұл тарихи маңызы бар оқиға. Тіпті мұны үлкен сынақ және емтихан деуге болады. Себебі осы бірінші сайлауды ың-шыңсыз, әділ өткізсек, кейін біртіндеп облыс әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болуымыз да мүмкін», - деді Зулфухар Ғайыпов.   Сонымен қатар ол ауыл әкімдерін сайлаудың артықшылықтары туралы да айтты. «Оның ең бірінші артықшылығы – ауыл әкімін халықтың өзі сайлайды. Бұған дейін аудандық мәслихат сайлайтындықтан, ауыл әкімдері атқарған жұмыстарын мәслихат пен аудан басшылығы алдында көбірек есеп беруге мәжбүр болатын. Енді халық өзі сайлаған әкімінен барлық мәселені сұрай алады, талап ете алады. Сонымен қатар кандидаттарға ауыл әкімінің лауазымына өз-өздерін ұсынуға да мүмкіндік туады», - деді саяси ғылымдар докторы.  [caption id="attachment_82275" align="alignnone" width="696"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаев: «Бұл – жақсы қадам. Бірақ аймақтарда, әсіресе ауылды жерлерде қоғамдық институттар мүлде дамымаған. Ауыл тұрғындарының қоғамдық белсенділігі өте төмен. Көбінесе тек мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінің белсенділігі жоғары. Сондықтан өңірлердегі қоғамдық институттарды дамыту керек. Әйтпесе бұдан бірдеңе өзгере қоюы екіталай деп ойлаймын. Содан соң тек ауыл ғана емес, облыс әкімдерін де халықтың өзі сайлағаны дұрыс деп санаймын», - деді.  Ал қоғам белсендісі Алмас Тоқабаев ауыл әкімдерін сайлау туралы өзгерісті құптайтынын жеткізді. [caption id="attachment_82276" align="alignnone" width="907"] Фото: Алмас Тоқабаев/Facebook[/caption] «Жаңадан енгізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауға қатысты жаңа өзгерісті құптаймын. Сайлаудың көп болғаны дұрыс. Сонда таңдау да көп болады. Ал тағайындалғаннан гөрі сайланған әкімдердің көп нәрсеге көзқарасы басқаша болады. Халық өзі таңдағаннен кейін әкімдердің сайлауға дейінгі көпшілікке берген уәдесі мен арнайы бағдарламасын орындауға ықтималдылығы артады. Яғни ауыл әкімдері Мәжіліс депутаттары сияқты сайлау алдында халықпен етене араласып, одан кейін 5 жыл бойы елордада қызмет атқармайды, сол ауыл тұрғындарына тікелей жұмыс істейді. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Абай айтқан, Абайдан да бұрын болған жершілдік, рушылдық сияқты жаман әдет қайта қозып кетпесе игі еді. Көпшілік өзінің руласының әкім болғанын қалауы мүмкін. Бұл бас кезінде солай болатын да шығар. Дегенмен бір-екі реттен кейін жұртшылық та әкімдердің іскерлік жағына мән беріп, азаматтық көзқарастары өзгеруі мүмкін. Бұл жүйе бірнеше мәрте сайлаудан кейін қалыптасады деп ойлаймын. Жалпы, бұл – өте дұрыс қадам», - деді қоғам белсендісі.  Сол сияқты саясаттанушы Самат Нұртаза да ауыл әкімдерін дауыс беру арқылы сайлауды қос қолдап құптайтынын айтты. [caption id="attachment_82277" align="alignnone" width="945"] Фото ашық көздерден алынды[/caption] "Менің ойымша, ауыл әкімдерін сайлаған дұрыс. Бірақ бұл жерде бір ньюанс бар. Кейбір аймақтарда адамды ақылдылығы мен тәжірибесіне қарай емес, "біздің елдің жігіті ғой" деп сайлап жіберуі мүмкін. Сондықтан да барлық ауылда сайлау жүз пайыз әділ өтеді деп айта алмаймын. Олай айту өтірік болар еді", - деді ол. Алайда сарапшы Қазақстан демократияға ұмтылған, либерализмге қадам басқан ел болғандықтан, жаңа бастаманы қолға алып көруі керек деп санайтынын атап өтті. «Егер ауыл деңгейінде нәтиже шықпай, ру-тайпалық, ұлт мәселесі көтеріліп, ушығып жатса, онда, әрине, аудан әкімдерін сайлауға ешқашан көше алмаймыз. Ал егер бәрі ойдағыдай іске асып, ауыл халқы "әкімімізді сайлап алдық, біз қуаныштымыз" десе, онда билік мұны байқап, 2027 немесе 2030 жылы аудан әкімдерін сайлай бастауымыз мүмкін. Сондықтан менің ойымша, ауыл әкімін сайлау – бұл тест», - деді Самат Нұртаза.  Сарапшы ауылды халыққа сөзі өтетін беделді адам басқаруы қажет екенін айтты. «Әкімді сайлап алған соң, ертең мемлекетке «неге ауылда су, жарық жоқ» деп ренжи алмайсыз. Өйткені мұның бәрін сайланған әкім шешуі керек. Мысалы, бұрын неге мемлекетке мінін айтып ренжитін? Себебі әкімді тағайындайтын. Ал қазір өзіңіз сайладыңыз ба, өзіңіз талап етуіңіз керек", - деді С.Нұртаза.  Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына барған адамға шекесінен қарамай, мәселесін шешіп беруі тиіс. Міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанатын саясаты осыған саяды. Олай дейтініміз, Президенттің саяси реформалары ашықтыққа, билік пен бұқара арасындағы диалогтың жақсара түсуіне бағытталған. Қалың елдің тарапынан зор қолдау тапқан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде де жүзеге асып келе жатқанын көзбен көріп отырмыз. Ал жаңартылған заңға саяси партиялардың Мәжіліске өтуі үшін пайыздық көрсеткіш деңгейін 7-ден 5 пайызға төмендету, сайлау кезіндегі бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген бағанды қосу және биылға жоспарланып отырған ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі нормалардың енгізілуі көптің көңіліне зор сенім ұялатады деп ойлаймыз.