Вакцина бизнесті құтқарады: Кәсіпкер әйелдердің айтары бар

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Вакцина бизнесті құтқарады: Кәсіпкер әйелдердің айтары бар
ашық дереккөз

Олардың ойынша, вакцинаның арқасында карантин шаралары жұмсарып, бұдан бизнестің бойына қайта қан жүгіреді. «BusinessWomenKZ» - әйелдер бизнесін қолдап, дамытатын республикалық масштабтағы ұйым. Бүгін біз әлеуметтік сипаттағы ролик түсіреміз. Халықты вакцина салуға шақырғымыз келеді. Өзіміз де вакцина салдырдық. Қазіргі қоғамда өршіп тұрған жұқпалы індет халыққа қауіпті. Алайда біз карантиннен шаршадық. Егер халықтың басым көпшілігі екпе алып, денсаулығын жақсартса, біз бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта оралар едік», — деді «BusinessWomenKZ» ҚБ Басқарма төрағасы Сәуле Қайсар. «Bilim all» оқу орталығының жетекшісі Райгүл Серікбаева өз сөзінде карантиннің кесірінен бизнестің сәл аяңдап қалғанын айтты. «Мен көпбалалы анамын. Біз ешкімнен ешнәрсе сұрамаймыз. Тек мемлекет пен демеушілерден қолдау күтеміз. Бүгінде бизнесіміз орнығып, елордада екі филиалымызды аштық. Енді осы бизнесіміз ары қарай дамуы үшін Covid-19 індетімен күресуіміз қажет. Одан құтылудың тиімді жолы вакцина салдыру деп ойлаймын. Өзім Спутник-V вакцинасын алдым. Енді екінші компонентін салдыруым қажет. Біздегі ең күрделі мәселе - карантин. Себебі, ата-аналар ауру жұқтырып алады деген қорқынышпен оқу орталығына балаларын жіберуге қорқады. Сондықтан осы қиындықтарды жеңу үшін жаппай вакцина алуымыз қажет», — дейді ол. BusinessWomenKZ жобасының тағы бір өкілі Камина Байболова былтыр карантин басталғанда тігін шеберханасын ашып, елордалықтарды бетпердемен қамтамасыз етуге үлес қосқан екен. «Астана Алтын шаңырақ ұясы» тігін шеберханасын ашқанымызға бір жылдай уақыт болды. Бұл тігін ательесін көпбалалы аналарды қолдау мақсатында елорда әкімі Алтай Сейдірұлы ашып берді. Былтыр карантинге байланысты күніне 5 мыңнан аса бетперде тіктік. Медицина қызметкерлеріне халат тігумен де айналыстық. Әрине, қазір барлығымыз сақтанып, денсаулығымызды ойлауымыз қажет. Өзім 10 баланың анасымын. Балаларым вакцина алды. Енді сақтық шараларын қолданып, өзге де адамдарды екпе алуға шақырамыз. Сондай-ақ жүргізіп отырған бизнесіміз ары қарай дамуы үшін, коронавирус індеті бәсеңдесе деген тілегіміз бар», — деді көпбалалы ана. Айта кету керек, «BusinessWomenKZ» ҚБ жобасы - бұл жалпы құндылықтар, мүдделер, миссиялар мен идеялар негізінде елдің барлық аймақтарынан келген әйел кәсіпкерлерді, басшылар мен бизнес иелерін біріктіретін республикалық ауқымдағы кәсіби бизнес қауымдастық. Қауымдастық мүшелері өз тәжірибелерімен бөліседі, білім аясын кеңейтеді және бірлескен жобалар жасайды. Себебі ашық қарым-қатынас бизнесті дамытуға қолайлы негіз болып табылады. Бірігу барысында менторлық клубтар құрылды, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен дамытудың халықаралық жобалары жүзеге асырылуда.