Заңғар Кәрімхан: Алаш арыстарын ұлықтау – әрбір саналы адамның ісі

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Заңғар Кәрімхан: Алаш арыстарын ұлықтау – әрбір саналы адамның ісі
ашық дереккөз

– Алаш арыстары туралы еңбектерді жинау идеясы қалай басталды? Бұл шығармалардың бұрынғылардан қандай ерекшелігі бар?

– Біз былтырғы пандемия басталардың алдында ғана «Qyr balasy» атты қоғамдық қор құрғанбыз. Құрылтай жиналысын өткізіп, хаттамасын толтырып, заңды құжаттарын тіркетіп, Алаш кезеңін зерттейтін қоғамдық негіздегі қор карантинге қарамастан жұмыстарын бастап кеткен. Қорды құрудың алғашқы сатысында құрылтайшы ретінде мен, атқарушы директоры болып Елдос Тоқтарбай және ғылыми жағынан жауапты деп Ұшқын Сәйдірахманұлы үшеуміз бекідік. Ұйымның атауына «Qyr balasy» атауын алуымыздың символикалық мәні бар. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Алаш көсемі, ұлтымыздың өткен ғасырдағы саяси лидері Әлихан Бөкейхан «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен мақалаларын жариялап отырды. Қор құрамының барлық өкілі, әрбір мүшесі ауылдан шыққан, қыр төсінде еркін өскен, кейін өркениетті қалаға келді. Талапты жастардың басын қосқан біздің қорымыздың негізгі мақсаты – Алаш зиялыларының тарих түбінде қалып кеткен, бүгінгі көпшілік біле бермейтін, шығармалары қуғынға ұшыраған, жеке жинақ болып жарияланбаған еңбектерін қайта шығару, тәуелсіз елдің ұрпақтарына таныстыру. Өмірден не қызық, не қуаныш көрмей өткен арыстарымыздың қасиетті мұрасын шаң басқан архивтер мен кітапхананың көне сарғайған қағаздарынан аршып жарыққа шығару үшін «Алаш кітапханасы» деген серия жасақтадық. Аталған серияның аясында ғылыми ортада азды-көпті айтылып қалғанымен, көпшілік үшін әлі беймәлім, түбегейлі зерттелмеген Алаштың бес тұлғасының шығармалар жинағын жарияладық. Абдолла Байтасұлының «Көркем әдебиет туралы» (құрастыр­ған Ұшқын Сәйдірахманұлы), Біләл Малдыбайұлының «Кенесары заманынан…» (құрастырған Елдос Тоқтарбай), Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» (құрастырған Заңғар Кәрімхан, Әлібек Байбол), Біләл Сүлейұлының «Үміт» (құрастырған Елдос Тоқтарбай) атты Алаш оқығандарының кітаптары осылайша қалың оқырманға жол тартты. Бұл арыстардың шығармалары бұрын-соңды кітап болып шығып көрмеген, алғаш рет құрастырылып беріліп отыр. Академиялық негізде құрастырылды, алғысөзі, мәтіндер, ғылыми түсініктер, кісі есімдері мен фотошежіре топтастырылған. Бұлардың барлығы дерлік Алаш мұғалімдері, педагогтары болып қоймай, агроном, ветеринария, фельдшерлік салаларға байланысты еңбектер жазып, аудармалар жасады. Барлығы да қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты, шетелдік оқу орындарында, айталық, Ғазымбек әкеміз Берлинде, Сейітбаттал атамыз Ыстанбұлда білім алды. Кітапта осы кісілердің өмірі мен шығармашылық мұрасына, ұрпақтарына қатысты бейнелекциялар, деректі фильмдер қосылған, QR арқылы ашып, тыңдауға болады, сондай-ақ бұрын ғылыми айналымға түспеген тарихи фотосуреттер қамтылды. – Маған жас алаштанушылардың жаңа буыны келген секілді көрінді. Осы сөзіммен келісесіз бе? Кітапты шығаруға қатысқан авторлар туралы тоқтала кетсеңіз. – Дұрыс айтасыз. Төл тарихымызды тереңнен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту жолында атқарылар қыруар жұмыстың еңбек торысына жегілуге дайын қатарымыз, жастарымыз көп. Жас ерекшелігіне байланысты айтар болсақ, бұл азаматтардың ең үлкені – 35-те, ең кішісі – 17-18 жастағы шәкірттер. Республикамыздың әр аймағынан, Алаш қозғалысының қайнаған ортасы болған өңірлердің жастары қатарымызға қосылып жатыр. Алаштану саласында ойып тұрып орын алған, алдыңғы толқын ағалары мойындаған мықты ғалым, зерттеуші Елдос Тоқтарбайды кім танымайды қазір? «Алаш көсемсөзі» атты он томдық еңбекті құрастыруда басынан аяғына дейін қатысқан Ұшқын Сәйдірахманұлы, өзіміз «Алаш суретшісі» деп атайтын ҚР Суретшілер одағының мүшесі, белгілі иллюстратор Алмас Сыр­ғабай, Алаш кезеңінің орталық астанасы болған әйгілі Семей өңірінің тарихи-қоғамдық-саяси жағдаяттарын жетік білетін, Алаштың ұлттық буржуазиясын, бай-меценаттарын зерттеп жүрген талантты ғалым Еркін Рахметуллин, алаштану ғылымында аққу құстай қатар жүзген Қарлығаш Әубәкірова мен Алма Сайлауқызы, төте жазу, қадымша бойынша алдына қара салдырмас хас жүйрік Абай Мырзағали, қордың барлық жұмысын ел-жұртқа жеткізіп насихаттаушы пиар-менеджер, белгілі жазушы-драматург Әлібек Байбол, еліміздің архивін қойып, Ресей мен ТМД архивін сүзіп отыратын, жыл сайын тың жаңалық табатын «архивтің құрты» Серікбол Хасан, «Алаш кітапханасы» сериясының алғашқы өнімі «Ғазымбек Бірімжан. Шығармалар жинағы» кітабын құрастырған жас зерттеуші Данияр Ихсан, Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлы жайлы алғашқы зерттеу еңбегін жазып шыққан Ерден Нұрахмет, т.б. сынды талапты жастар бар. Бұған дейін атқарған барлық еңбектері жоғары оқу орындарының қабырғасындағы институттарда ақсақалдардың пайдасына шешіліп кетіп, қақысы желініп жүрген, көз майын тауысып, түн ұйқысынан ажырап жасаған еңбегінің алдына әлдебір фамилиялар түсіп кететін біздің қазіргі қоғамда еңбекті адал бағалайтын, әділ таразылайтын шынайы ұйым деп бізді тауып жатқаны қуантады. Қордың құрамында Қостанайдан, Көкшетаудан, Семейден, Қарағандыдан, Оралдан, Талдықорған мен Алматыдан көптеген жас ғалымдар, зерттеушілер, баспа мамандары, суретшілер мен журналистер, қазіргі кезде жиыны 50-ден астам өкіліміз бар. Сондықтан біз өзімізді Алаш кезеңін зерттеген 1988-1989 жылғы «Әділет» ағарту қоғамының аға буын өкілдерінің ізін жалғаған бүгінгі ізбасарымыз деп есептейміз. – Аталған еңбектердің басылып шығуына қолдау көрсеткен азаматтар кімдер? Оларды да қысқаша атай кетсеңіз. – Алаш тұлғаларын зерттеу, оларды ұлықтау шыңына келгенде жоғары дәрежеде, республикалық, халықаралық деңгейде қолға алынуы тиіс еді. Бірақ қазір мұндайдың он екіде бір нұсқасын көрмейсіз. Әділетін айтсақ, Үкіметтің, оған қарасты мемлекеттік органдардың, тиісті мекемелердің атқаруы қажет аса маңызды шаруасын кеше ғана құрылған шағындау ұйым атқарып отыр. Министрлікте жылы креслода отырған лауазымды тұлғалардың немқұрайлы көзқарасының кесірінен Алаш қозғалысы жоғары деңгейде зерттелмей келеді. Біздің пікірімізше, Алаш идеясы бүгінгі өмірімізде, қоғамымызда салтанат құруы тиіс. Тәуелсіздігіміздің, жеріміздің, тіліміздің негізгі арқауы сонда жатыр. Наурыз айында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты халықаралық онлайн конференцияда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлихан Бөкейхан – төл тарихымызда өшпес із қалдырған біртуар тұлға. Ол ХХ ғасырдың басында «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көшін бастап, дербес ел болудың алғышарттары мен негіздерін айқындады. Халқының бостандығы үшін бүкіл ғұмырын сарп етті» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының осы сөзі бізге зор демеу берді. Демеушілерге келсек, бұл орайда табанынан тозып, төзімінен таусылып, әр жақтан демеуші іздеген қордың атқарушы директоры Е.Тоқтарбайдың еңбегі өлшеусіз. Жобамыздың алғашқы кітабы – Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы Алаш қайраткері Торғайдың тумасы болғандықтан Қостанай облыс­тық Мәдениет басқармасының қолдауымен жарық көрді. Оны басқарма басшысы Ерлан Қалмақов көп сөзге келмей, шығарып берді. Қалған кітаптардың көбі «El Qurylys» компаниясының (директоры Айзат Назарбаева) қаржыландыруымен жарыққа шықса, кейбір кітабымыз Аманбек Аханұлы, Жалғас Алтынбек деген жекелеген кәсіпкерлердің қолдауымен жарияланып отыр. Бұдан басқа да есімін атауды құп көрмейтін, елеусіздеу жүрсе де ел тарихына зор еңбек сіңіріп жүрген жанашырларымыз баршылық. – Осы еңбектердің шығуы біздің мәдениетіміз бен руханиятымызға қандай үлес қосады деп ойлайсыз? – Бұл жөнінде кітап қолына тиген әрбір азамат, оқыған қауым өз ойларын білдіре жатар. Өз басым бұл еңбектердің басты үш түрлі пайдасы бар деп есептеймін. Біріншіден, заманында ел үшін, халық үшін қыруар еңбек етсе де, қуғынға ұшырап, ақырында атылып кеткен арыстарымызды іздеу, сұрау, ұлықтау – әрбір саналы адамның, азаматтың ісі, мемлекеттік қызметтің шаруасы. Бұл біздің тәуелсіздігімізді нығайтуда, еңсемізді тіктеп, алдағы күнге жарқын жүзбен қарауымызға көп пайдасын тигізеді. Артында құран оқитын ұрпағына дейін қалдырмай түбегейлі құртып жойған кеңес билігінің аяусыздығын әшкерелейді. Ал ұрпағы қалса да, өз тілі мен ділінен мүлдем ажыраған олардың бүгінгі кейпіне күйіне, жаның аши отырып, неден сабақ алып, нені үйреніп, неден жиренуге болатынын ұқтырады. Екіншіден, жас жеткіншектеріміздің санасын жат ағымдармен, бөтен елдің кір ақпаратымен, білім жүйесімен ластамай, тура өз аталарымыздың, әкелеріміздің рухани мұрасымен сусындату да абыройлы іс болмақ. Себебі олар жазған маңызды мәселе, көтерген проблемалар біздің өмірімізде де өте өзекті дер едік. Біз шығарған Алаш арыстарының түгелі дерлік мұғалімдік, ұстаздық қызмет қылған жандар. Өткен ғасыр басындағы педагогикалық көзқарастардың өміршеңдігі сондай, қазіргі білім жүйесіне қажетті, олқы тұстарын шешудің жолдарын осы кітаптардан таба аламыз. Үшіншіден, «сөз жаза білген, қалам ұстай білген жанда Алаш әкелеріміздің қақысы бар». Қолымда қалам, алдымда ақ қағаз деп жер-жердегіні теріп жазып, жалған атпен әлеуметтік желіні лаңдатып жататын замандастарымызды күнде байқап жүрміз. Олардағы текке кеткен уақытты, ерік-жігер мен жұқармас жүйкені бізге берсе ғой дейміз. Біздің қатарымыздағы елуден астам жасты Алаш рухымен сусындатып келеміз. Бұл да қоғам үшін, тәуелсіздік үшін пайдалы жұмыс деп білеміз. – Ендігі жоспарларыңыз қандай? Жоба жалғасын таба ма? – Қоғамдық қорымызбен аттас баспамызда әзірленген кітаптарымыздың 7 мың данасын қолымызға алып, республикамыз­дың барлық өңіріне жібердік. Біз шығарған кітаптардың басым бөлігі кітапханаларға, институттарға таратылып, сатылымға түседі. Мұндай үлкен, ауқымды әрі маңызды жобаны Үкімет тарапынан қаржыландырып, бір орталыққа жинап, қаржылық мәселесін шешіп, жұмысқа қажетті жабдықтармен қамтамасыз етсе деген зор үмітіміз барын жасырмаймыз. Рас, біз қор жұмысының алға басуы үшін аянып қалмаймыз. Алда атқарар жұмыстар жетіп артылады. Алаш қайраткерлерінен бастап, қатардағы мұғалімге, ауыл молдасына, ел батырына дейінгі, тіпті кеңес билігінің астында жүрсе де Алаш идеясына ниеттес, мүдделес адамдарды қамтимыз деген ойдамыз. Алдағы екі айдың көлемінде қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұлов, Мұстақым Малдыбайұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы, Байбатыр Ержанұлы, Отыншы Әлжанұлы, Берікбол Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы, Ережеп Итбайұлы сияқты қайраткерлердің кітаптарын шығаруды нақты мақсат етіп отырмыз. Алаш ардақтыларының тұңғыш шығармалар жинағын құрастырып шығаруға қордың мүмкіндігі де, ғылыми әлеуеті де толық жетеді. «Алаш» кітапханасы серия­сының екінші бағыты – қор жанынан құрылған Ә.Бөкейхан атындағы «Алаш» ҒЗИ ғалым-зерттеушілерінің алаштану саласындағы өз еңбектері. Бұл бағытта біздің «Толағай», «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» кітаптарымыз және жас зерттеуші, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Е.Нұрахметтің «Алаш арысы Біләл Малдыбайұлы» атты зерттеуі жарық көрді. – Сіз құрастырған кітаптың аты оқырманды бірден тартып тұр. Неге «Толағай» деп қойдыңыз? Зерттеп жүргеніңізге қанша уақыт болды? «Толағайды» жазуға, «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» жазуға не түрткі болды? – Толағай сөзінің бір емес, бірнеше мағынасын аңдатуға болады. Біздің шығыста шоша­йып, жеке тұратын Толағай атты екі тау бар. Біреуі – Көкпектінің жанында, екіншісі – Тарбағатайдың бұрынғы аудан орталығы Ақжардың қасында. Толағай есімді ертегі кейіпкері есіңізде болар, жауын жаумай, ел ­қуаңшылыққа ұшырағанда күші тасыған бір жас бала Тарбағатай тауынан бір жотаны бөліп алып, көтеріп әкелетін. Кейін бұл аңызды Ә.Тәжібаев керемет етіп өлеңге айналдырды. Екіншіден, осы өлкеден шыққан айтулы ерлер мен аңыз тұлғаларды Толағай тауындай көріп, елдің құрмет тұтқаны рас. Кітап мұқабасында көрсетілген бай-болыс, би-бағлан азаматтар бәрі де шығыстан, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті өңірінен шыққан адамдар, олардың еңбектері, ерліктері тарих көмбесінде қалған. Ұлт тарихының барлық кезеңдерін жатқа білу үшін әр адам туған өлкесінің тағдырын жетік білуі тиіс деген тұжырыммен келісеміз. 2015-2019 жылдары біз ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ құрамындағы ұлттық жоба «Қазақстан тарихы» интернет порталында қызмет атқардым. Отан тарихын ұлт тілінде жазу біздің мақсатымыз болды. Біз барғанда кілең орыстілді, жүз пайыз Ресей тілінде шығатын «Қазақстан тарихы» порталын кейін әбден кіріп, орнығып алғаннан кейін алдымен қазақ тілінде жазатын деңгейге жеткіздік. Осындағы қызмет жылдары ұлт тарихымен қоса өлкетану тақырыбындағы тарихи-танымдық мақалалар жазуды қатар алып жүрдік. Бұл – қазір бәріміз «Рухани жаңғыру» деп шабылып жатуымыздан екі жыл бұрын болған оқиғалар. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» дегендей, туған өлкеміз бір бүйірімізде жатады ғой. Кей кезде портал басшылары «Сіз өз өңіріңізді көп жазып кеткен жоқсыз ба?», «Шығысты неге шиырлай бересіз?» деп төнгенде біз Әлкей Марғұлан атамызша жауап беретін едік: «Білген соң айтамыз да». Сол кісі айтқандай, әркім өзі білген шаруасымен айналысса ғана оңды дүние тумақ. Ал «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» еңбегінің идеясы ерекше, өзгеше кітап. Ондағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар жайлы там-тұмдап жинаған деректерімізді талантты дизайнер Яна Смоляроваға бере қоямыз, ол кісі әп-әдемі етіп, көркем инфографика жасап шығады. Бұл еңбек – осы Яна әріптесімізбен бірлесіп жасаған жұмысымыздың нәтижесі. Қазақ тарихын жеңіл әрі тез оқып үйрену, қажетті ақпараттарды жылдам қабылдауға көмектеседі. Мұғалімдерге, оқытушыларға да пайдасы зор. Біз «Qyr balasy» қоғамдық қорының қазіргі қарқынына қарап, Әлихан Бөкейханның Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына түрмеде жазған хатында «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер…» дегеніндей, көзінде оты жанып тұрған, ұлтшыл, талантты жастардың жалынына, болашағына еш күмәнсіз сеніп отырмыз. «Қыр баласы қол созады, қол созады аспанға» (Т.Досымов). Сіздерді де Алаш зиялыларының шығармалар жинағын және зерттеу еңбектерді сатып алып, «Qyr balasy» қоғамдық қорына қолдау көрсетуге шақырамыз.

Қалиакбар Үсемханұлы