Еуразия ұлттық университетінде спорттық-сауықтыру кешені ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Еуразия ұлттық университетінде спорттық-сауықтыру кешені ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107912113983352.webp)
Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және университет қызметкерлері қатысты.
Спорт-сауықтыру кешенінің лентасын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ
Озғанбаев, ЕҰУ-дың бұрынғы ректорлары Амангелді Құсайынов пен Бақытжан Әбдірайымов қиды.
Шара барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, спорт кешенін пайдалануға беру Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еліміздің дарынды жастарына жағдай жасаудың нақты дәлелі екенін атап өтті. Сонымен қатар қала әкімі Алтай Көлгінов бір жылда пайдалануға берілген нысан ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жүзеге асқанын жеткізе келіп, бұл нысанға алдағы уақытта әкімдік тарапынан қолдау болатынын жасырмады.
Жалпы ауданы 7 074 шаршы метр және әр ауысымда 216 адам қабылдай алатын жаңа спорт кешені волейбол, баскетбол, шағын футбол, гандбол, күрес, би сияқты спорттың ойын түрлері бойынша сабақтар
өткізуге, сондай-ақ жарыстар мен арнайы спорт секцияларының жаттығу сабақтарын өткізуге арналған.
Кешен ғимараты төрт қабаттан тұрады: бірінші қабатта екі футбол, бір баскетбол және төрт волейбол алаңы; екінші қабатта – ерлер мен әйелдердің киім шешетін бөлмелері; үшінші қабатта – ерлер мен әйелдердің жаттығу залы, бокс залы, шахмат ойнауға арналған спорт кабинеттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты ұлттық спорт түрлері; төртінші қабатта – теннис ойнауға арналған зал, шейпинг пен биге арналған спортзал орналасқан. Жақын арада скалодром ашу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда ЕҰУ-да еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден 20 мың студент білім алуда. Университет басшылығы ЖОО қабырғасында білім алушылар үшін барлық жағдай жасау мәселесін тұрақты бақылауда ұстайды.
Соңғы сегіз жылда оқу-зертханалық ғимарат, стартап аймағы, 2 Студенттер үйі, оқытушылар құрамы мен қызметкерлер үшін 2 тұрғын үй салынды.