Елордада Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 72 бапкері» кітабының тұсаукесері өтті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 72 бапкері» кітабының тұсаукесері өтті
ашық дереккөз

Кітаптың беташар рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, әлем чемпиондары Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиевтің, Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шынәлиевтің бапкері Мырзағали Айтжанов, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев пен әлем чемпионатының жүлдегерлері Ғани Жайлауов пен Әбілхан Аманқұлдың бапкері Нұрлан Ақүрпеков, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен Азия чемпионатының жүлдегері Дәурен Елеусіновтің бапкері әрі әкесі Марат Елеусінов, әлем чемпиондары Ердос Жаңаберген мен Бекзат Нұрдәулетовтің, Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовтің, әлем чемпионатының жүлдегері Берік Әбдірахмановтың бапкері Марат Жақиев, әлем чемпионы Геннадий Головкин мен Азияның жүлдегері Елдос Сайдалиннің бапкері Ғалымбек Кенжебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов пен Дүниежүзілік Қазақ күресі федерацияының негізін салушы, осы ұйымды он үш жыл басқарған Серік Төкеев, халқымыздың айтулы ақын ұлы Балғынбек Имаш, республикалық Спорт комитетінің төрағасы, Олимпиада және әлем чемпионы Серік Сәпиев, Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Данияр Елеусінов, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық дене тәрбиесі орталығының директоры, белгілі спорт қайраткері Тастанбек Есентаев келді. Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Сыдықұлы министр Ақтоты Райымқұлованың авторға арнаған құттықтауын оқып берді. «Қазақтың 72 бапкері» кітабының тұсауын қазақ спортының жанашырлары Серік Негимов пен Серік Төкеев кесті. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ел спортының негізгі ұстыны, ұлт намысының басты шарқайрағы бапкерлер екенін, қандай бір дарынның бағын ашуда ұстаздың орны бөлек екенін айтып, жаңа кітап қазақтың ұлттық тарихына қосылған үлкен үлес екенін атап өтті. «Бапкерлік – бұл ғылым, бұл жанкешті жұмыс. Осыны зерделеп жазған Қыдырбек Рысбекті спорттың майталман тарихшысы, энциклопедиясы деп білемін», - деді халық қалаулысы. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев та кітап авторына спортшылар атынан алғысын жеткізді. «Құрметті Қыдырбек аға, сіз өмір бойы қазақ спортының жеңістерін де, проблемаларын да шырылдап жазып келесіз. Ал мына еңбегіңіз тіптен керемет болды, өйткені бапкерлер шын мәнінде елеусіз қалып жататыны жасырын емес. Шын мәнінде, сол бапкерлер ғой біз сияқты спортшыларды тәрбиелеп, баптап, рухымызды көтеріп сынға салатын. Сондықтан бұл кітабыңыздың маңызы бөлек деп есептеймін. Рақмет сізге, алдағы уақытта да қаламыңыз мұқалмай, ұлтыңызға, еліңізге қызмет ете беріңіз!» - деп ағынан жарылды Афины ойындарының жеңімпазы. Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық дене тәрбиесі орталығының директоры Тастанбек Есентаев автордың «Қазақтың 72 бапкері» және басқа да спорт тақырыбындағы кітаптарын оқулық ретінде пайдалану жөніндегі ойын ортаға салып, оқушылармен студенттерге қазақ спорты тарихын оқу құралына айналдыру жайында ұсынысын білдірді. Бұл ұсыныс көпшілік көкейінен де шықты. Тұсаукесерге жиналған басқа да азаматтар авторға алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ