Илон Маск Tesla-ның Қазақстанда да шығарылуы мүмкін екенін айтты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Илон Маск Tesla-ның Қазақстанда да шығарылуы мүмкін екенін айтты
ашық дереккөз

Масктың сөзінше, электромобиль шығаратын зауытты Ресейде салу жағы қарастырылып жатыр. «Жақында Tesla Ресейден де шығатын болады деп ойлаймын. Бұл тамаша болар еді. Сонымен қатар өнімнің өрісін одан әрі кеңейту үшін Қазақстан және ТМД-ның басқа елдерінде де қарастырамыз», - деді ресейлік «Новое знание» марафонына видео қоңырау арқылы қатысқан Илон Маск.  Сондай-ақ аталған компанияның Шанхай қаласында да зауыты бар екенін атап өткен ол Tesla-ның әлемнің басқа аймақтарында да зауыттары болғанын қалайтынын жеткізді. «Әлеуеті жағынан біз Ресейді қарастырып отырмыз», - деді ол.  Естеріңізге салсақ, 2019 жылы АҚШ-та Tesla Model Y электромобилінің таныстырылымы өткен болатын. Аталған шараға қазақстандықтар да қатысып, Қазақстанда электр қуаттау станцияларын салуды ұсынған. Сол кезде Маск Қазақстанда бұл салаға қолдаудың зор екенін тілге тиек еткен. «Біз онда Supercharger саламыз деп ойлаймын», - деген еді И.Маск.  Айта кетсек, дәл қазіргі уақытта Илон Маск Bloomberg версиясы бойынша әлемдегі ең ауқатты адамдар тізімінің екінші орнында тұр. Оның байлығы 163 млрд долларды құрайды. Бейсенбі күні NASDAQ биржасында Tesla акцияларының құны 4,14 пайызға, яғни 586,78 долларға дейін көтерілді. Ал премаркетте аталған компания акциялары 1 пайызға, 593,04 өсті.