Елордада урбанистика бойынша «Бақытты қала» атты әлемдік бестселлердің тұсаукесері өтті
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада урбанистика бойынша «Бақытты қала» атты әлемдік бестселлердің тұсаукесері өтті](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107915442074796.webp)
Автор - урбанист және журналист Чарльз Монтгомери ұзақ жылдар бойы әлемнің көптеген қалаларын аралап, өз тәжірибесін оқырмандарымен бөліседі.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында шетелдік жазушылардың үздік шығармаларын қазақ тіліне аудару, басып шығару және тарату қажеттігін атап өткен болатын.
"Бақытты қала" кітабында деректер күнделікті психология мен қалалық жоспарлаудан жинақталған. Автордың жеке қалалық тәжірибелері дұрыс ұйымдастырылған өмір сүру кеңістігі біздің жеке адам ретінде де, қоғам ретінде де өзімізді қалай сезінетінімізді, ойлайтынымызды және әрекет ететінімізді өзгертетінін көрсетеді. Автор әртүрлі қалалардың орналасу процесстерін талдай отырып, әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдарын іздейді. Кітапта Копенгаген, Богота және басқа қалалардағы қоғамдық кеңістіктер мен қоғамдық көліктердегі өзгерістер азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартып, қаладағы қауіпсіздікті қалай арттырғанының мысалдары келтірілген", - деді өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Ерлан Әукенов қала құрылысында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның басқа қалалары үшін үлгі болып саналатынын атап өтті.
"Қазақстанда 88 қала бар және олардың барлығы әдістемелік қолдауға әрі озық тәжірибелерді енгізудің көрнекі үлгісіне мұқтаж. Біздің еліміздің қалалары үшін қала құрылысында Нұр-Сұлтан үлгі болып табылады. Мұнда урбанистиканың үздік тәжірибелері енгізілуде, тиімді көлік жүйесі дамуда, саябақтар мен гүлзарлар көбеюде", - деді вице-министр.
"Астана" Халықаралық университетінің президенті Серік Ырсалиев "Бақытты қала" кітабының тұсаукесері, соның ішінде білім беру жүйесі үшін де жарқын әрі айтулы оқиға екенін атап өтті. Ол сондай-ақ университетте урбанистика саласындағы мамандарды даярлау басталатынын мәлімдеді.
"Кейбір болжамдар бойынша 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 60 пайызы әлемнің 600 қаласында өндіріледі. Ал 2050 жылға қарай жекелеген мемлекеттер халқының 66-дан 100 пайызға дейін қалаларда тұратын болады. Біздің қазақстандық халықтың қалай өмір сүретіні – біз бастан кешіп жатқан урбанистік қозғалыстар аясындағы өте маңызды мәселе. Сондықтан бұл кітап біздің болашақ магистранттарымыз үшін осы тақырып бойынша негізгі оқу құралы болады. Бұл халқымызға қалалардың қалай дамуы керектігін түсінуге көмектесетін керемет бестселлер. Бұл көшбасшыларымызға, саяси шешім қабылдаушыларға, болашақ сәулетшілер мен қала салушыларға арналған оқулық", - деп түйіндеді Серік Ырсалиев.
Кітап дүкендер сөрелерінде де, ел кітапханаларында да ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанның салалық оқу орындарының жас урбанистері қала құрылысы бойынша осы жүздеген практикалық оқулықтарды тегін алады.