Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті
[caption id="attachment_81105" align="alignnone" width="2560"] Фото: elbasy.kz[/caption] – Біздің Қарулы Күштер егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды, ұлттық мүдделерімізді қорғауға қабілетті болуға тиіс. Мұның бәрі армияның таяу онжылдықта дамуын жоспарлау кезінде ескерілуі керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдірумен қатар, экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды қажет ететінін айтты. – Шекараны барлық қауіп-қатерден қорғауды қамтамасыз ету керек. Шекара қызметі мен Қарулы Күштерді құру өзара үйлесімді әрі бірыңғай стандарт бойынша жүргізілуі тиіс. Сонымен бірге шекаралық қауіпсіздік мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар елді аумақтық-кеңістікте дамыту басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерімен сәйкес келуі керектігі айтылды. Отырыс барысында Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Д.Ділмановтың баяндамалары тыңдалды.