Баланы терезеден құлап кетуден сақтаңыз – полиция

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Баланы терезеден құлап кетуден сақтаңыз – полиция
ашық дереккөз

«Күннің жылынуына байланысты терезелер жиі ашық тұрады. Осыған байланысты балалардың терезеден құлап кету қаупі артады. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйлердің терезесінен 4 бала құлап кетті, 1 бала қаза тапты. Кеше, 18 мамыр күні кешке қалалық аурухананың жансақтау бөліміне 4-ші қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 1 жастағы бала түсті. Ол үйінде анасымен және 2 жастағы ағасымен болған. Анасы кір жуып жатқан кезде бала асүйдің терезесінен құлап кеткен. Терезеде «москит торы» болған, ал бұғаттайтын құрылғы мен темір тор орнатылмаған. Сондай-ақ өткен аптада көпқабатты үйлердің бірінде осыған ұқсас қайғылы жағдай болды. 10-қабаттағы балконнан 4 жастағы бала құлап, алған жарақаттардан мерт болды. Бала үйінде анасымен бірге болған. Анасы үй жинап жүріп, бөлмеден 1-2 минутқа шығып кеткен. Сол сәтте бала терезедегі шектеу құрылғыларын ашып, құлап кеткен», - дейді Полиция департаменті.

Елорданың Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, тәртіп сақшылары ата-аналарға профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жүргізіп, қауіпсіздік шаралары туралы ескертіп тұрады. «Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде терезеден балалардың құлап кетуімен байланысты жазатайым оқиғалардың саны артады. Құрметті ата-аналар, мұқият болыңыздар! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар!» - деді Айтмағамбетов. Сақшылардың кеңесіне келсек, ересектер негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Қандай жағдай болмасын балаларды қараусыз қалдырмай, олардың ашық терезенің қасында ойнауына жол бермеу қажет. «Москит торы» құлап кетуден қорғай алмайды. Терезенің тұтқасын алып тастау керек немесе арнайы құлпы бар тұтқаны пайдалану қажет. Терезеге бекіткіш орнатқан дұрыс. Баланың өмірі және денсаулығы ата-анасының, ересектердің қолында екенін ұмытпаған жөн.