«Бәйтерек» монументінде автоматты робот-кеңесші орнатылды
«Astana Invest» қалалық инвестицияны дамыту орталығының қолдауымен орнатылған «ақылды гид» туристерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде елорданың негізгі туристік нысандары жайында толық мәлімет бере алады. Сондай-ақ ол «CityPass» туристердің бірыңғай картасын сату қызметін де ұсынады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Nur-Sultan Pass» туристердің бірыңғай картасы қаладағы бірқатар туристік нысандарға ақысыз кіруге мүмкіндік береді. Тіпті «Nur-Sultan Pass» картасының көмегімен қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге болады. «Бәйтерек» монументіндегі туристік ақпараттық орталықта «Promobot» деп аталатын автоматты робот-кеңесші орнатылды. Сондай-ақ мұнда туристерге виртуальды тур қызметі ұсынылады. Яғни «Бәйтерек» монументіне келгендер осындағы туристік ақпараттық орталық арқылы қаладағы өзге де нысандарға виртуальды кеңістікте саяхат жасап, олар жайындағы мәліметтермен таныса алады. Сондай-ақ туристердің бірыңғай картасын енгізумен айналысатын «CityPass» компаниясымен әріптестік байланыс орнаттық. Тек соңғы 3 жылдың өзінде компания 1,5 миллион дана осындай бірыңғай картаны сатты. Бұл – үлкен жетістік. Компания қазір электронды әуе және теміржол билеттерімен бірге туристердің бірыңғай картасын сатып алу қызметін ұсынып отыр. «Nur-Sultan Pass» картасын қаладағы 13 ірі туристік нысанға кіру үшін пайдалануға болады. Картаның дәл осымен төлем жасау аталған нысандардың әрқайсысына жеке-жеке төлем жасаудан 70 пайызға арзанға түседі, – дейді «Astana Invest» қалалық инвестицияны дамыту орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Ержан Балтаев. Компания бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында спорттық, медициналық, іскерлік бағыттағы туризмді дамыту бағытында жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.
Шынболат КҮЗЕКБАЕВ