Атақты ақын Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Атақты ақын Олжас Сүлейменов 85 жасқа толды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17210792376030759.webp)
Олжас Омарұлы 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетін 1959 жылы бітірген. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының аударма бөлімінде оқыған.
1990 жылдары ядролық апатқа қарсы «Семей-Невада» қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына зор үлес қосты. Ол сол жылдарда ҚР Жоғары кеңесінің депутаты болды.
О.Сүлейменов ХХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақстан ғана емес, Кеңестер Одағы, одан қалды, әлемдік поэзияға өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен келді. Кеңестік қатаң идеологиялық қысым жағдайында қазақ халқының тарихи ар-намысын қорғауда, оны қалпына келтіруде, мәдениетін жаңа сатыға көтеруде, өз ұлтын әйгілеуде ақын шығармашылығы айрықша рөл атқарды.
Ақынды әлем оқырманына танытқан «Адамға табын жер енді!» поэмасы. Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринге арналған бұл поэма көптеген шетел тілдеріне аударылып, жеке кітап болып бірнеше рет басылып шықты.
Қазақ әдебиетінің тарихынан көрнекті орын алатын орыстілді қазақ ақын-жазушылары аз емес. Олар өз шығармаларын орыс тілінде жазғанмен, туындыларының негізгі арқауы қазақ халқының өмірі мен тұрмыс-тіршілігі болып келеді.
Осы ақын-жазушылардың арасындағы аса дарынды тұлға – Олжас Сүлейменов. Ақынның көптеген өлең жинақтары, түрлі зерттеу еңбектері, әдеби-публицистикалық мақалалары үзбей кітап болып шығып келеді.
Атап айтқанда, «Арғымақтар», «Нұрлы түндер», «Шапағатты шақ», «Мешін жылы», «Қыш кітап», «Ақ дария аспаны», «Аз и Я», «Көңіл көкжиегі», «Жалынның шалқуы», «Париж», «Әр күн арайлы таң», «Асқардан асу» өлеңдер мен поэмалар жинақтары, прозалық шығармалары және зерттеу еңбектері басылып шықты. Ақынның қазақ тілінде тұңғыш таңдамалы өлеңдері мен поэмаларының жинағы «Атамекен» деген атпен ақын Қадыр Мырза Әлінің аудармасымен 1972 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ақынның ұлт тағдырына қатысты ерлігін былайша бағалайды:
«Олжас ұлттың тағдырына қатысты үш үлкен ерлік істеді. Біріншісі, 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқандар Олжастан араша сұрап көп келетін. Ол 1987 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды қорғайтын құқықтық комиссия құрып, қылышынан қан тамған қызыл империяның кезінде қазақтың ұл-қыздарын қорғады. Екіншісі, 1988 жылы 24 сәуірде Орталық комитетке хат жазып, мені Жоғарғы соттың бастығымен жолықтырып, артынан комиссия құрып, Алаш арыстарын ақтауға тікелей мұрындық болған да Олжас. Үшіншіден, 1989 жылы 27 ақпанда «Невада-Семей» қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына тікелей атсалысып, ұлтты ауыр қасіреттен аман алып қалды.
...Олжасты түсіну үшін Олжастың деңгейінде ойлау керек. Олжас өз ұлтының көк семсері!».
Олжас Сүлейменов көркем шығармашылықпен бірге тіл тарихын зерттеп, бірқатар құнды еңбектер жариялады. Оның осы бағыттағы алғашқы зерттеу еңбегі - «Аз и Я» деген атпен 1975 жарияланды. Бұл тарихи-филологиялық еңбекте славян және түрік халықтарының мәдениеті мен тілінің тарихи байланыстылығы жан-жақты зерттелінген. Зерттеуші орыс әдебиетінің ХII ғасырдағы ескерткіші «Игорь полкі туралы сөз» жырындағы түсініксіз сөздердің мағыналарын ашып, олардың түркі тілінен шыққанын дәлелдеді. Бұдан соң Олжас тіл тарихына арнап «Мың бір сөз» еңбегін жазды. Онда ұлттық мәдениеттер байланысы әлемдік деңгейде қарастырылған.
Олжас Сүлейменов – өзінің жырларында жеке адам тағдырын, ұлт тағдырын ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ күрделі мәселелерді көтере алған ақын.