Риддерде қандай жұмыстар атқарылмақ?
«Бүгін жұмыс сапарымен Риддер қаласына бардым. Құрылыс алаңында болып, мердігер ұйымдардың басшыларымен кездестім. Барлық компанияға ұсынған жақсы жобалық шешімдері, сондай-ақ құрылысты уақтылы және тиімді бастағаны үшін алғыс айтқым келеді. Олардың әрқайсысы алдарында тұрған жоғары әлеуметтік жауапкершілікті сезінетініне және өңіріміз үшін маңызды миссияны нақты жүзеге асыруға барлық күш-жігері мен кәсіби тәжірибелерін жұмсайтынына сенімдімін. Халыққа берілген уәденің бәрі орындалады. Бұл жұмыс ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өткім келеді. Тұрғындар күзге дейін тұрмысын орнықтыру үшін үйлердің құрылыс мерзімін қысқартуға тырысамыз», - деп жазды Ахметов әлеуметтік желіде. Оның айтуынша, мұнда үлкен, сапалы үйлері мен кең, жарық көшелері бар әдемі және заманауи шағын аудан пайда болады. «Келесі аптада келісім жасалғаннан кейін жол төсемінің негізін дайындау жұмыстарына кіріседі. Үйлермен қатар бірден жол салып, жарықтандыру жүргізіп, аумақты, соның ішінде балалар мен спорт алаңдарын абаттандырамыз. 24 мамырда, уәде етілгендей, тағы бір мәрте тұрғындармен кездесу өткіземін. Мердігер ұйымдармен бірге құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырамыз», - деп түйіндеді әкім.