Қазақстандық «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратының сынағы сәтті өтті
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, аталған құрылғыны қорғаныс министрлігінің тапсырысымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары әзірледі. Қазір бұл аппарат сынақтардың соңғы сатысынан өтіп жатыр. Ол түрлі ауа райы мен әркелкі жер жағдайларында бірнеше рет сыналып, жақсы нәтиже көрсетті. «Шағала» - ұшу аппаратынан, жер үсті сегментінен тұратын соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған жүйе. Бұл қазақстандық әскери ғалымдар толық шығарған алғашқы жоғары технологиялық өнім. Жеке бағдарламалық жасақтамасы оның басты ерекшелігі саналады. Аппараттың бірнеше қорғаныс деңгейі бар. Бұл біз дайындаған өнім», – деді ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов. Ұшқышсыз ұшу аппараты бағыт бойынша ұшып, жердегі объектілерден ақпарат алып, оны операторға жеткізеді. Барлау авиациялық кешенінің ұшу қашықтығы – 30 шақырымды, ең жоғары жылдамдығы – 110 км/сағатты, теңіз деңгейінде ең биік ұшуы – 3500 метрді құрайды. Әуеде екі сағат болып, жел секундына 14 метрге дейін күшейген кезде беріктігін сақтайды. Бұл құрылғы отандық бағдарламалық-аппараттық байланыс арнасымен, криптографикалық хаттамамен жабдықталған. «Шағала» ұшқышсыз ұшу құрылғысы техникалық сипаттамасы жағынан шетелдік құрылғылардан кем түспейді. Сонымен қоса оның бағасы шетелдік үлгілерден айтарлықтай төмен. Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев сынақты бақылады. Ол «Шағаланың» қазір Қазақстанда әскерлердің оқу-жаттығуы кезінде пайдаланатын барлау-ату және барлау-соққы беру кешеніне айналатын элементтердің бірі болуы мүмкін екенін атап өтті.