Отбасында ана мен әкенің рөлі қандай болуы тиіс?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Отбасында ана мен әкенің рөлі қандай болуы тиіс?
ашық дереккөз

«Біз «отбасы» деп айтқан кезде оттың басын қалыптасырушы деп негізінен ер адамды санаймыз. «Отағасы» деп те атайды. Негізі, қазақтың дәстүрінде күйеуінің атын атамаған. «Отағасы» деген осы «отбасы» сөзінен шыққан. Бірақ ошақтың жылуын сақтайтын, отын өшірмейтін және ұлтты тәрбиелейтін - ана. Жаратушы әйелді жаратқан кезде оған сондай міндет қойған. Яғни, адамның ұрпағын жалғастыру және тәрбиелеу. Біз 2010 жылы Сауд Арабиясына іссапармен бардық. Сол мемлекеттің әлеуметтік-мәдени өмірімен таныстық. Мені бір таң қалдырғаны, Сауд Арабиясының қыздарының бәрі шетелдің ең мықты жоғары оқу орындарын бітіреді екен. Елдің қайсы мықты болса, сонда оқиды. Бірақ та өз заңдары бойынша, олар мемлекетінде жұмыс істемейді. Мен кездесу кезінде осы сұрақты қойдым. «Егер олардың білімі қолданылмаса, сіздер қыздарыңызды несіне сонша қаржы бөліп, оқуға жібересіздер?» дедім. Сондағы жауап мені таң қалдырды. Шетелдіктер «ана білімсіз болса, келер ұрпағымыз қандай болады?» деп жауап қатты. Олар «әлем бізде патриархат деп ойлайды, ал біздің әр үйімізде матриархат» дейді. «Үйді ана басқарады. Ананың алдында екі-ақ міндет бар: бала туу және тәрбиелеу. Егер ер азамат жұмыстан келгенде тамағы дайын болмай, үй жиналмай, әйелі балаға қарап, үлгермеген болса, ол кінәлі саналмайды» деді. Сондықтан анаға жүктелген міндет өте жоғары. Әке қашанда үлгі және ол жағдай жасаушы. Ал әкенің статусын жоғары сақтап, оны отағасы ретінде сыйлату да - ананың міндеті», - деді Нәзипа Шанай арнайы оқу курсында.

Оның айтуынша, бүгін елімізде ана мектебі жоқ, ол жойылған. «Бізде ертегі айтатын әже, шежіре айтатын қарт жоқ. Шал көп, ақсақал аз. Біз бүгін үзік-үзік қарым-қатынас арқылы қалыптасып жатқан балаларымызға «тілді, дінді, салт-дәстүрді білмейді» деп өкпелейміз. Кінәлі - біз және ең кінәлі - аналар. Мойындауымыз керек, еркекті туатын да, тәрбиелейтін де - ана. Олай болса, алдымызда тұрған ең үлкен мәселе – отбасын сақтап қалу үшін ана мектебін қалыптастыру, әженің орнын белгілеу және шаңырақты шайқалтпау туралы негізгі идеяны туғаннан жастардың, яғни ұлдың да, қыздың да басына құю. Ұл өз міндетін, қыз өз міндетін біліп өскенге ештеңе жетпейді», - деп әңгімеледі Нәзипа Шанай «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры ұйымдастырған шарада.