Нұр-Сұлтанда 9 мамыр құрметіне көшпелі концерт өтіп жатыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұр-Сұлтанда 9 мамыр құрметіне көшпелі концерт өтіп жатыр
ашық дереккөз

Ұлы Жеңіс, ардагерлердің қиян-кескі шайқастағы ерлігі жайлы әндерді жанды дауыста Сүндет Байғожин, Сүлеймен Ибрагимов, Ринат Малцагов, Айнұр Әбдиева, Дәурен Оразбеков, MOON-Ai дуэті және басқа да көптеген танымал әртістер орындайды. Жылжымалы концерт шеруі Қорғаныс министрлігінің мұражайынан басталады. Сондай-ақ, Ботаникалық бақ, EXPO, Президенттік және орталық саябақтарда, Талғат Бигелдинов ескерткішінің жанынан көруге болады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін ретро-көліктер тосынсый ретінде жүріп өтіп, сол жылдарғы ерекше көңіл-күйді жеткізеді. Олар Қабанбай батыр, Орынбор, Панфилов, Мұңайтпасов, Кенесары, Бейбітшілік көшелерімен, Мәңгілік Ел, Тәуелсіздік, Абылай хан және т.б. даңғылдарымен жүріп өтеді. Көшпелі концерт Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі алдындағы алаңға кеп тоқтайды. Сондай-ақ, көрермендер музыкалық шеруді онлайн режимінде қалалық мәдениет басқармасының YouTube-арнасынан және ведомствоның Instagram желісіндегі @NS.madeniet аккаунтынан көре алады. Іс-шара сағат 17.00-де аяқталады. Айта кету керек, іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуде. Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жеңіс күніне арналған дәстүрлі салтанатты іс-шаралар келесі жылға ауыстырылғанын айтқан болатын. Мерекеге орай жаппай іс-шаралар өткізілмегенімен, бүгін ардагерлер үйінің алдында әскери оркестрдің шеруі мен қойылымы ұйымдастырылып, соғыс жылдары шырқалған әндерді орындады. Құттықтауға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Сондай-ақ, жақында елорданың барлық аудандарында концерттер, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне естелік сыйлықтар табыс етілді. Кеше ғана Нұр-Сұлтанда Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновке арнап ескерткіш ашылды.

«Мемлекет батырларымызға қолдау шараларын көрсетіп жатыр. Мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының әрбір ардагеріне 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сондай-ақ ақшалай көмек Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оған теңестірілгендер, еңбек ардагерлері секілді өзге де жандарға қарастырылған», - деді қала әкімі.