Берлинді бағындырған Қошқарбаевтың қаруласы кім?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Берлинді бағындырған Қошқарбаевтың қаруласы кім?
ашық дереккөз

РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ ЕСТЕЛІГІНЕН

Берлинді бағындырғандардың бірі Әбдімәжит Тәшкентбаевтың ерлігі туралы Рейхстагқа ту тіккен, Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс Жалауы» кітабында біраз жазылыпты. «...Тәшкентбаев таса-тасамен, үй-үйлердің арасында қирап, өртеніп жатқан машина, танктерді қалқалай еңкейіп жүгіріп келеді. Оқ жанынан зу-зу етіп өтіп жатыр. Біресе оңынан, біресе солынан снаряд жарылады. Ол қалай да гранит құрсанған Шпрее өзенін қалқалай тұрған биік ақ үйге жетуі тиіс. Полк командирі Плеходановтың бақылау пункті шамасы сонда. Кенеттен көшенің арғы бетіндегі үлкен үйден оқ борап қоя берді. Әбдімәжит шарқ-шұрқ асфальтқа ет бетінен жата кетті. Ол бірнеше минут қозғалмастан жатып, атыс сәл саябырлаған кезде оң жағындағы үлкен қақпаға жүгіріп барды да, тас діңгекті паналады. Бірақ бұл жерде де қауіп аз емес еді. Өйткені үйдің терезесінен жау гранат лақтырса, не болмаса фаустпатронмен атқыласа шаруасының біткені. Әне, оң жағындағы үйдің үшінші қабатының ашық терезесінен біреу қараң ете қалды. Әбдімәжит қолындағы автоматын солай қарай бұрды. Жаңағы фашист екен, ол автоматының оқпанын терезеден шығарып Тәшкентбаевқа бағыттай бергенде байланысшы-лейтенант дұшпанына қарсы оқ жаудырып көшенің арғы бетіне тұра жүгірді. Сол сәтті алдын кес-кестей қара киімді үш фашист жүгіріп келе жатқанын көзі шалып қалды. Әбдімәжит оларға автоматынан оқ жаудырып, мүдірместен алдындағы ақ үйге қарай жүгіре берді. Ол үйге таялғанда ток соққандай аяғы шым еткенін сезді. Жараландым-ау, деп ойладыТәшкентбаев. Бірақ ол жараланғанына қарамай жүгіріп әлгі биік үйге жетіп, бұрышына тұра қалды да, «уһ!» деп демін бір алды. Әлдекімнің асфальт жолмен жүгіріп келе жатқанын естіді. Бұрыштан бұға қарап еді, өзін қуып келе жатқан екі фашистті көрді. Демін ішіне тартқан Әбдімәжит автоматын кезеп тұрып гитлершілер өзіне жақындағанда оқтың астына алды. Солақ екен фашистің екеуі де ұшып түсті. Тәшкентбаев сол аяғы сыздап ауырғанын енді сезді. Ол аяғының ауырғанына қарамастан алға ақсаңдай ұмтыла берді. Әйтеуір, жетті-ау! Әбдімәжит тақтайы шұрқ-шұрқ тесілген есіктен кіре бергенде, алдынан бір жауынгер бетпе-бет кездесе кетті. Солдат, сіз қай полктенсіз? Плеходановтың полкінен. Мен жаралымын, деді Әбдімәжит. Полк командиріне тез жолығуым керек, маған көмектесіңіз. Бейтаныс солдат полк штабы орналасқан бөлмені біледі екен, сондықтан Плеходановты тауып алу қиын болмас. Әбдімәжиттің сол жақ санынан аққан қан шалбарының сыртына шаққанын көріп бейтаныс жауынгер: Жолдас лейтенант, әуелі жараңызды таңып берейін, деп қалтасынан дәке алды. Жо-жоқ... Кейін... Тек штабқа жетуіме көмектесіңіз, деп Тәшкентбаев оның оң иығына сүйене үйге кіріп, астыңғы жертөлеге түсті. Штаб бастығының міндетін атқарушы майор Жаворонковқа ол: Сіздерге дивизия штабынан шұғыл пакет әкелдім! – деген сөздерді әрең айтты. Оны сүйемелдеп әкелген жауынгер: Жолдас майор, бұл кісі жаралы, деді. Осы кезде басқа бір есіктен подполковник Плеходанов шықты да, жүгіре басып бұлардың жанына келді. Дивизия штабының байланысшы-офицерін ол жақсы білетін-ді. Лейтенант, сен жаралымысың? Дәл солай, жолдас подполковник! Тез жәрдем көрсетіңдер! деп бұйырды да, полк командирі майор ұсынған пакетті алды. Плеходанов Әбдімәжиттің жарасын таңып жатқанда қасына келіп: Жарайсың, лейтенант! – деді. Даусында әлдебір қуаныш лебі бар. Содан кейін майор Жавороновқа: Лейтенантты госпитальға жөнелтіңіз және дивизия штабына хабарлап, бұл жігітті полк командирі Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынатынын айтыңыз, деді. Жолдас подполковник, менің жарам ауыр емес көрінеді. Осында қалуға ұлықсат етіңіз! деді Әбдімәжит. Жоқ болмайды. Жараның аты – жара... – деп полк командирі бүйірдегі есікке кіріп кетті. Әбдімәжит полк штабымен бірге елшілік үйінде қалды. Ертеңіне дивизия штабынан байланысшы Григорий Гартун келді. Штаб бастығы лейтенанттың аяғынан жараланғанын естіп, Гартунды көмекке жіберіпті. 29 апрель күні «Гиммлер үйіне» шабуыл жасалғанда Тәшкентбаев жауынгерлермен бірге жүре алмады. Бірақ ол елшілік үйінің көшеге қараған бір терезесінен оңтайлы орын сайлап алды да, бір бүйірден әлсін-әлсін қарсы шабуылға шыққан жауға оқ атып отырды. Біз әр бөлмесі, әр қабаты үшін қиян-кескі шайқасып жатқан «Гиммлер үйіне» Әбдімәжит Гартунның көмегімен жетіпті. Көшенің арғы бетінен көрінген жауды атып жатқан майдандас жерлесімді мен бет-аузы сатпақ-сатпақ кір болса да таныдым. Мынау аяқ ит жүргізбей... – деп үн қатты да, қара-қожалақ жүзінен маржандай тістерін ақсита көрсетіп: Әй жерлесім, ана артық автоматыңды тастап кет, сен тағы біреуін аласың ғой, деді. Мен жаудан алған автоматымды ұсына беріп «Өй сенің ұсқының не болып кеткен?» дедім әзілдеп. Әй, Гиммлердің сау қалған айнасы болса тауып алып, өз бетіңді де бір қарасаңшы, деді күліп. Артынша көше жақ бетке көз тастады да, автоматын ыңғайлай берді. Шамасы арғы беттен фашистер көрінсе керек... ... Қараңғылық қоюлана біздің 674-ші полктің қалған күші жаудың толассыз оқ жаудырғанына қарамастан Мольтке көпірі мен ашық көшеден тез өтіп «Гиммлер үйіне» жетті. Мұның өзі біздің жағдайымызды жақсарта түсті. Дегенмен ішкі істер министрлігінің үйі фашистерден таң ата ғана тазартылып болды. Алайда бұл жеңіске оп-оңай жеткеміз жоқ. Жауды жойғанша батальонымыздың қатары сиреп қалды. «Гиммлер үйі» түгел қолымызға көшкенде Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріппен жазылған түгел қолымызға көшкенде Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріппен жазылған 30 апрельдің таңы атып келе жатқан еді...» делінген Р.Қошқарбаевтың «Жеңіс жалауы» кітабында.

НАР ТҰЛҒА ТАСАДА ҚАЛМАСА ИГІ ЕДІ...

Әбдімәжит Тәшкентбаев 1923 жылы 14 қаңтарда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Карл Маркс ауылында дүниеге келген. Шайқастарда көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен және «Ұлы Жеңіске 75 жыл» орденімен марапатталған. Сонымен қатар Шу қаласы мен Жамбыл облысының Мойынқұм ауылындағы көшелерге есімі берілген. Соғыстан кейінгі бар ғұмырын құқық қорғау органдарында халқына адал еңбек етуге арнады. Соңғы демі 1993 жылдың 29 желтоқсанында үзілді. «Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен әкемді мен әрқашан мақтан тұтамын. Ол Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың қаруласы болған. Майданға інісі Көкіш Рысбаевпен бірге аттанады. Бірақ екеуінің жолы көп ұзамай екіге айырылады. Әкем Ташкент әскери училищесінде байланысшылар курсында дайындықтан өтеді. Кутузов атындағы 150-атқыштар дивизиясында соғысып, Берлинге дейін барған. Соғыста бірнеше рет жарақат алады. Бірақ госпитальге барудан бас тартып, жорығын жалғастыра берген. Әкем 150-атқыштар дивизиясына Рейхстагқа ту тігу бақыты бұйырғанын жиі айтып отыратын. Оның әңгімелерінен бұл жорықтың аса ауыр болғанын аңғару қиын емес еді. «Кеңес жауынгерлерін неміс снайперлері нысанаға алып, қарыс қадам алға жылжу мұңға айналады. Дегенмен ержүрек солдаттар тапсырманы бұлжытпай орындап, Рейхстагты алады», – деп айтып отырушы еді. Жыл сайын 9 мамырда әкемді Орталық Майдангерлер кеңесі Мәскеуге шеруге шақыртатын. Кейін Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына бізді де апарып жүрді. 2002 жылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал-лейтенант В.С.Устюгов Ә.Тәшкентбаевтың ҚР ең жоғары наградасына ұсынуға лайықты екенін атап көрсетіп, хат жолдаған еді...», – деді Ералы Әбдімәжитұлы әкесі жайлы еске алып.  Сонымен қатар ерлік иесінің ұрпағы әкелерінің лайықты марапатқа ие болып, «Халық қаһарманы» атағының берілуі арманға айналғанын айтады. «Ер өлсе де, еңбегін ел өлтірмес, неше мың жыл өтсе де, тарих білмек» деуші едік, алайда күні бүгінге дейін осындай жеңіс үшін жан аямай күрескен, соғыстан кейін де халқына адал қызмет еткен нар тұлғаға «Халық қаһарманы» атағы бұйырмай келеді. Неге? Құзырлы органарға бірнеше рет хат жолдадық. Бірақ одан да жауап болмады. Бүгінде анамыз (Хафиза әже – ред.) 87 жасқа толып отыр. Жылда 9 мамырды асыға күтеді. Бұл күнді естелік хаттар мен кітаптарды ақтарып, ескі суреттерге үңілумен өткізеді. Құдай қосқан қосағының есімі ел есінде қалғанын, еңбегінің еленгенін қалайды. Алайда жұбайы өмірден озғалы Жеңіс күнінде арнайы келіп, ресми түрде құттықтаған ешкім болмады. Анамыз әкеміздің көзі тірісіндегі құрмет-қошеметтің кейін азайып кеткеніне күрсінеді. Бір жапырақ алғыс хат алса да, марқайып қалар еді. Бізге маңыздысы әсте атақ емес, тек уақыт өткен сайын әкеміздің ерлігі ұмытылып кете ме деп алаңдаймыз» – дейді Мәрия Әбдімәжит. 

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ