«Астана Операда» Жеңіс күніне орай концерттер өтеді

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Астана Операда» Жеңіс күніне орай концерттер өтеді
ашық дереккөз

«Астана Опера» әртістері Ұлы Жеңіске арналған мерекелік репертуарды айрықша жауапкершілікпен әзірлеуде. Концерттердің бағдарламасы бейбітшілік пен ашық аспан үшін аянбай күрескен қайсар адамдардың батырлық пен батылдыққа толы өмірлері туралы мәдени естелікті қазіргі ұрпаққа жеткізу мақсатында құрылған.Сағат 19:00-де тыңдарман назарына «Көктемнің жеңіс симфониясы» ұсынылады. Концерт авторы – маэстро Абзал Мұхитдин «Астана Опера» симфониялық оркестріне жетекшілік етеді. Танымал дирижер классикалық музыка жаухарын – Д.Шостаковичтің №7 симфониясын («Ленинградтық») орындайды. Аталмыш музыка соғыстың қасіретті алғашқы айларында туған, онда ленинградтықтардың өз қаласы мен еліне деген жанкештілігі мен шексіз махаббаты, ең бастысы – жеңіске деген қалтқысыз сенімі баяндалады. Кешті Р.Глиэрдің Оркестр мен колоратуралық сопраноға арналған концерті жалғастырады, сопрано партиясын Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова ұсынбақ. Сонымен қатар Р.Штраустың Гобой мен оркестрге арналған концерті шырқалады. Гобойдың жеке партиясын халықаралық байқаулардың лауреаты Ислам Әлиев орындайды. Камералық залда сағат 15:00-де опера өнерін сүйер қауымды «Естелік әрі даңқты әндер» концерті күтеді. Бағдарламаға опера солистері, хор әртістері мен оркестрдің орындауындағы қазақ, орыс және батыс еуропалық классиканың озық үлгілері, сонымен қатар соғыс жылдарындағы танымал әндер мен сүйікті әуендер енді. Сөйтіп, Жамиля Джаркимбаеваның орындауында М.Исаковскийдің сөзіне жазылған көпшілік сүйіп тыңдайтын «Огонек» әні шырқалады, Айзада Қапонова М.Исаковскийдің сөзі мен М.Блантердің музыкасына жазылған «Катюша» композициясымен өнер көрсетеді, Алмат Ізбамбетов Мұқан Төлебаевтың «Тос, мені тос» әнін ұсынады, ал Булат Окуджаваның сөзі мен музыкасына жазылған атақты «Нам нужна одна Победа» әнін көрермендер көп жылдар бойы орындаушылармен бірге шырқап келеді. - Қазақстандықтарды осынау жарқын, қуанышты күнмен, Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Мәдениет пен өнерімізді дамытуға, сәттіліктерімізге қуануға, жоспар құрып, ертеңгі күнімізге үлкен сеніммен қарауға мүмкіндік берген барлық батырларымызды құрметтейміз, олар біздің мәңгі жадымызда. Осы бір айрықша күні соғыс жолын абыроймен өткен барша жанға сүйіспеншілік пен ерекше құрметімізді білдіреміз, барлығын мерекемен құттықтаймыз. Мықты денсаулық, бірлік пен күш-қуат тілейміз, - деп атап өтті «Астана Опера» әртістері.