Ақтоты Райымқұлова Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты
15 тамыз, 2024
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ақтоты Райымқұлова Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211167858927242.webp)
ашық дереккөз
«Қазақ өнері ауыр қайғыға ұшырады. Тағы бір дархан жүректі халқымыздың дара перзентінің жүрегі тоқтады. Бар болмысы елім деп жырлайтын Ескендір ағамыз көш-керуенге ілесіп, келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды деген суыт хабарды естіп, қабырғам қайысып отыр.Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал əнші, композитор, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» орденінің, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевтің қайтыс болуына байланысты Хасанғалиевтер əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.Ескендір Өтегенұлы ғибратты ғұмырын əн мен саз əлеміне арнап, қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаған ағзам өнер иесі, отбасы мен ортасына қорған болған абзал азамат еді. Ағамыздың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» өзге де әндерін білмейтін қазақ жоқ. Шет мемлекеттерде де тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген туындылары біздің арамызда мəңгі өмір сүреді. Мәнерлі музыкасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы қазақ мəдениетінің құнды қазынасы.Өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», - деп жазылған министрдің көңіл айту хатында.
Ұқсас жаңалықтар