Елордада вакцинаның маңызы туралы буклеттер таратылды
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің волонтерлары «КВИ вакцинасын қалай алуға болады?», «Иммундау алдында не істеу керек?» деген сұрақтарға жауап беретін 1000 ақпараттық буклет таратты. Сонымен қатар вакцинацияның маңыздылығын, коронавирустық инфекциядан қалай қорғану керектігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Буклеттер адам көп шоғырланған «Астаналық», «Тұлпар», «Әлем» аялдамаларының маңында таратылды. «Қала бойынша адамдар көп шоғырланған аймақтарда: аялдамаларда, ойын-сауық орталықтарында екпенің маңыздылығын түсіндіру бойынша ақпараттық буклеттер таратылуда. Өткен жексенбіде елордадың 5 сауда-ойын орталықтарында, соның ішінде «Хан Шатыр», «Сарыарқа», «Керуен», «Сарай» және «Артем» сауда үйлерінде 1000-ға жуық буклеттер таратылды. Алдағы таңда бұл шаралар әлі де жалғасын табады. Себебі екпенің маңыздылығы денсаулықты қорғап қана қоймай, КВИ-мен күресуге үлкен көмек тигізеді деп ойлаймыз. Еріктілермен қатар өзіміз де осы екпені қабылдадық. Ешқандай зиянын көрген жоқпыз. Бастапқыда дененің қызуы мен тәбеттің қашуы деген сияқты аздаған қолайсыздықтар болды. Алайда 2-3 күннен соң барлығы орнына келіп, реттелді. Сол себептен денсаулықты сақтап, ауруды алдын-алу мақсатында өзгелерге де екпені алуға кеңес берудеміз», — деді «Астана Жастар» ресурстық орталығының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.