Түркия Ресей мен Украина дауына қалай әсер ете алады – сарапшы жауабы

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Түркия Ресей мен Украина дауына қалай әсер ете алады – сарапшы жауабы
ашық дереккөз

Сарапшының пікірінше, Мәскеу жақында болған Владимир Зеленский мен Режеп Ердоғанның кездесуіне елеңдеулі. Өйткені бұл екі елдің әскери серіктестігі Ресейге тиімсіз. Жұмабек Сарабеков дәл осы елеңдеушілік Ресейдің Түркияға қатынайтын әуебайланысына тыйым салуына әкеп соқтырды деп санайды. Дегенмен бұған ресми себеп коронавирус делінген. Сонымен қатар ол Мәскеудің 2015 жылы да Түркияға жасалатын рейстерге тыйым салуды «саяси қару» ретінде пайдаланғанын еске салды. Ол кезде түрік әскерлері Сирия-Түркия шекарасының аумағында Ресейдің ұшағын жарып жіберген болатын. «Айта кету керек, Түркия қазіргі уақытта ауру саны тез өсіп жатқан аймақ болып саналады. Алайда рейстердің тоқтатылуында геосаяси астар бар екені айдан анық. Бұған 10 сәуір күнгі Украина президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға сапары себеп болуы мүмкін. Екі ел көшбасшысы Ыстамбұлда кездесіп, жабық режимде келіссөздер жүргізген болатын. Соның қорытындысы бойынша Ердоған Анкара мен Киевтің стратегиялық серіктестігін растап, Анкараның Қырым аннекциясын мойындамайтынын мәлімдеген-ді. Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, президенттер әскери серіктестік туралы да сөз еткені белгілі болды. Ердоған Түркия Украинаның НАТО-ға кіргенін қолдайтынын айтқан. Ашық көздердің дерегінше, тараптар әскери келісімшарт туралы да талқылаған», - деді Жұмабек Сарабеков.  Кездесудің қорытындысы бойынша Зеленский мен Ердоған Украинаның, соның ішінде Қырым мен Донбасстың территориясының тұрақтылығын қалыпқа келтіру бағытындағы қадамдарды үйлестіруді жалғастыру жөніндегі екі елдің келісіміне сәйкес, ортақ деклорация қабылдаған. «Украина мен Түркияның әскери серіктестігі Мәскеудің алаңдаушылығын тудырып отыр. Ресей тарапы түріктердің жаңа әскери технологиясын алса, Киев Донбасстағы қалыптасқан баланс күшін өз пайдасына шешуге тырысады деп қауіптенеді. Әсіресе Мәскеуді Қарабақтағы соңғы әскери әрекет кезінде қолданылған түріктің Bayraktar ұшқышсыз аппаратының Украинаға берілуі алаңдатуы мүмкін. Түріктің дәл осы ұшқышсыз аппараты мен барлаушы дрондарының әзербайжандық әскердің жеңіске жетуіне қолғабыс болған», - деді ӘЭСИ сарапшысы.  Оның айтуынша, Түркия қазірдің өзінде Украинаға ұшқышсыз аппараттарын тасымалдап жатыр. «2019 жылдың өзінде түріктің ұшқышсыз аппараттары мен барлаушы дрондарын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Бірақ украиндық тараптың айтысына қарағанда, Киев пен Анкара тек сатып алуды ғана емес, сонымен қатар Украина төңірегінде осы құралдарды бірлесіп өндіруді де талқылаған. Әлбетте, Киевте ұшқышсыз аппараттарды өндіретін жеке базаның пайда болуы Украина қарулы күштерінің әлеуетін арттыратыны анық», - деді сарапшы.