Қашықтан оқытудың бір жылдық тәжірибесі нені аңғартты?

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қашықтан оқытудың бір жылдық тәжірибесі нені аңғартты?
ашық дереккөз

Аңызға айналған цифрлы жүйе

Қашықтан оқу басталмай жатып айтылған барлық пессимистік болжамдар жыл ішінде орындалды. Дамыған елдердің көпшілігі қашықтан оқытуды бізден бірнеше жыл бұрын қолға алып, тәжірибе жүзінде сынап көрген. Оларда онлайн оқу жүйесі жылдар бойы пысықталып, арнайы бағдарлама әзірленіп, кадрлар да қайта дайындықтан өтіп, техникалық жағы да толықтай қамтамасыз етілген. Ал біздің ел дистанциялық оқу дәуіріне бір-ақ күнде қадам басты. Тас заманының адамына тас балтаны емес, атом электрстансасының пультін берсеңіз де нәтиже шығармайды емес пе? Білім жүйесінің цифрланғанына он жылдан асса да Қазақстанның көп аймағы, тіпті мектептері толыққанды интернет желісіне қосылмаған. Қазіргі оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесі офлайн оқуға арналған. Ал онлайн оқуға арнайы дайындалған бағдарлама жоқ. Соның салдарынан оқу сапасы айтарлықтай төмендеді, мұны рейтингтерден де байқауға болады. Жақсы оқулықтар жоқтың қасы. Бастауыш сыныптың математикасындағы есептерді үлкендерді қойып, мұғалімнің өзі түсінбейтін халге жеттік. Отыз жылда төл оқулықтарымызды шығара алмай, әлі де ешкімге түсініксіз аудармамен баланың да, ата-ананың да миын ашытып келеміз. Мектепте жүйе де, дәстүр де берік сақталмайды. Карантиндегі бір жыл мектепті цифр­ландыруға кеткен миллиардтардың қайтарымы қаржыға сәйкес келмейтінін көрсетті. 2020 жылдың 3 сәуірінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі интернет жылдамдығының жаппай онлайн сабақтар өткізуге «техникалық дайын емес» екенін мәлімдеді. «Біз бүкіл ел бойынша онлайн байланысқа қосылудың мүмкін емес екенін көрдік. Көптеген ата-ана сабаққа қосыла алмады. Жалпы, біздің еліміздегі интернет 2,5 миллион баланың тікелей эфирге шығуына және интернетте білім алуына бейімделмегенін көріп отырмыз. Сондықтан бірқатар аспектілерге сүйене отырып, оқушыларымыз сапалы білім алуы үшін біз онлайн оқытудың қажеті жоқ деп шешім қабылдадық» деген еді министр. [caption id="attachment_74544" align="alignnone" width="1024"] фото интернеттен алынды[/caption]

Онлайн оқу оңай емес

Осы мәлімдемеден кейін миллиондаған ата-ана үшін білім жолындағы азапқа толы жауапкершілік жүгі арта түсті. Баласының білімсіз қалмауы жолында бүкіл отбасы болып жұмылды. Сарапшылар бұл деградация бүгін де жалғасуда деген пікірде. Министр шалғай ауылдардағы және интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ оқушыларды пошта арқылы оқу материалдарымен жабдықтау жоспарлары туралы хабарлады. Мұндай оқушылар саны 20 мыңнан асты. 300 мың оқушыда компьютер жоқ, ал жүздеген мың отбасы әлі интернетке қосылмаған. Онлайн оқыту мен қашықтан оқыту – екі түрлі түсінік. Бүгінгі таңда тікелей сабақ беріп онлайн оқытып отырғандар саны аз. Ол интернеттің жылдамдығы мен мұғалімнің сабақ өту төзімділігіне қатысты. Республиканың көп аймағында сабақты жүктеп қойып, тапсырма тексеріп қашықтан оқытып жатыр. Үзіліп қалса да кейін жалғастырып толықтырып оқуға болатын пәндер бар да, үзілген жерден әрі қарай жүрмейтін пәндер бар. Математика, физика, химия, биология пәндерінен белгілі бір тақырыпты түсінбесең, әрі қарай да түсіне алмайсың. Кеш болмай тұрғанда министрлік қосымша жобалар дайындап, басқа да білім беретін мекемелерді тартып балалардың білімін жаз айларында толықтыруы керек деп ойлаймыз. Мектеп қашықтан білім беріп жатса да, жағдайы жеткен ата-аналар балаларына репетитор жалдап оқытып жатыр. Бұл айына 70-100 мың теңге болуы мүмкін. Сонда жағдайы жетпейтін ата-аналардың балалары қайтпек? Жасыратыны жоқ, оқушылардың үй тапсырмасын ата-аналары орындап беріп жүр. Бжб мен Тжб-ның жауаптарын интернеттен тауып жіберетіндер мен сессия тапсырып отырып гуглдан оқып беретіндер де бар. Балаға тапсырмасын орындап беру көмек емес, қастандық. Қазіргі бағалау жүйесін де өзгерту керек. Себебі формативті бағалау офлайн кезіндегі білімге арналған. Бұрында да көсегеміз көгермей тұр еді. Енді пандемиядан кейін көрсеткішіміз төмен түсіп кетсе де, таңқалмауымыз керек. Кейбір сарапшылардың пікірінше, ұзақ мерзімді қашықтан оқыту болашақта балалар мен ата-аналарда және мұғалімдерде әлеуметтік, психологиялық және тіпті психикалық ауытқулардың өсуіне әкелуі мүмкін.

АҚШ пен Еуропа мектебін жапқан жоқ

Сovid-19 басталғалы әлем мыңдаған таңдаулармен бетпе-бет келіп жатса да, Еуропа мемлекеттерінің ешқайсысы білім беруді тоқтатқан жоқ. Франция, Италия, Швейцария елдеріндегі мектептердің барлығы бұрынғыдай жұмыс істеп тұр. АҚШ-та қаншама адам қырылса да, мектебі жабылмады. Тіпті 16 жасқа дейін бетперде тағуды міндеттеген жоқ. Әр мемлекет әртүрлі шешім шығарса да, бірнәрсені ескеруіміз керек. Онлайн оқу білім сапасын 50-60 пайызға төмендетті. Бір үйде 5 бала бар, бірақ 5 бөлме жоқ. Бәрі бір бөлмеде отырып сабақ оқығанда бір-біріне кері әсері тиеді. Қызыл аймаққа түскенде онлайн форматқа, шықса офлайн форматқа көшіп оқушылардың да әбден зықы шығып бітті. Бізде мектеп пен университеттен басқа қай жерде карантин бар? Кафе-ресторандар, сауда орталықтары мен қоғамдық көлікте қаптаған адам. Той жасап, ас беруге де карантин шектеу сала алмады. Вирус жұқтырудың көрсеткіші үйде оқитын балалардың арасында 4 есеге көбейген. Мектепке барып оқитындардың арасында емес. Мектептер тоқтап тұрса да, қоғамдық өмір жанданып жатыр. Карантинде ауыл-ауылды аралап сайлауды да өткіздік. Ата-ана таңертең балаларын тастап жұмысқа кетеді. Балалар күні бойы не істейді? Сабақта отыратын уақытта мектеп оқушылары сауда орталықтарында жүреді. Студенттер жұмыста жүр. Індет жұқтырмағанда қайтпек? «Санитарлар мектептің жағдайын білетін адамдар емес. 3 тоқсанды онлайн форматта 2,3 млн оқушы, офлайн форматта 1,1 млн оқушы аяқтады. Бірақ кезекші әр сыныпта 25 балаға дейін оқыса да оған жағдайы келмейтін мектептер бар. Мектеп 900-1 200 балаға арналған, бірақ сол мектепте 3-4 мың бала оқиды. Нұр-Сұлтанда мұндай мектептер көп. Олар не істейді? Оқушыларды топқа бөлсең мектепке сыймайды, мұғалім жетіспейді. 2-3 тоқсанда бір мұғалім 50 сағаттық жүктемемен жүрген жағдайлар көп кездесті. Бір мұғалімнің 50 сағат сабақ беруі – ақылға сыймайтын дүние. Әлемдік зерттеулер бойынша көп дегенде 16 сағат қана сабақ беруге болады. Мұндай үлкен жүктеме мұғалімнің денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Санитарлық бақылау мекемелері қала мектептеріне айыппұлдан-айыппұл салып жатыр. Олардың айтқан барлық шарттарын сақтау мүмкін емес. Өйткені бала саны көп, оның үстіне мұғалімдерді қосыңыз, бір кабинетке 15 партадан артық парта қоя да алмайсың. Бір партада тек бір оқушы отыру керек дейді. Мектептерде жеке парталар жоқ. Бәрі – екі адамдық. Бір сыныпқа 15 баладан отырғызсаң, 2 бала міндетті түрде бірге отырады. Ал ол санитарлық талаптарға қайшы. Мектептегі білімді тоқтатпаудың, сапаны сақтап қалудың бір ғана жолы – сыныптарды 3 күннен бөліп оқыту. Бастауыш сынып 3 күн оқыса, жоғары сынып одан кейінгі 3 күн оқысын. Менің мектебімде 380 бала бар. Мен олардың барлығын шығарып, санитарлық нормалардың бәрін сақтап оқыта аламын. Бірақ бір баладан вирус анықталса, ертең мектеп директорына кем дегенде 20 АЕК айыппұл салады. Еліміздің түкпір-түкпірінде 700-800 мыңдап айыппұл төлеп отырған мектептер өте көп. Оның бәрін кім төлеп жатыр? Директор өз қалтасынан төлейді. Кейін директор мұғалімдерінен ақша жинапты деген әңгіме шығады. Оның ар жағы тағы шу болады. Сондықтан директорлар бәрін біле тұрса да, қолдарынан еш шара келмей тыныш отыр», - деді білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы.

Машақатқа айналған сабақ

Көптеген мектеп оқушыларының ата-аналары интернеттің нашар жұмыс істеуіне байланысты мұғаліммен байланысу қиын екенін айтып даурығып та жүр. Тіпті ауыл-аймақтағы мектептер оқу платформаларын ашса да, ашылмайды. Сапасыз интернеттен, жұмыс істемейтін сервистерден, қазақстандық білім деңгейінің төмендігінен басқа да стресс қосатын пайдасыз үй тапсырмаларының саны күрт өсті. Кейбір ата-ана балаларының жанында бірнеше сағат отыруға мәжбүр. Қажетті технология оқушыны қойып, мұғалімге жетпеді. Ноутбугын арқалап күн сайын ауылдың бір шетінен келесі шетіне интернетке қосылу үшін баратын мұғалімнің жанайқайы әлеуметтік желіде де біраз талқыға түсті. Мұғалімнің еңбекақысын 5 жыл ішінде 25 пайыздан өсіріп отырамыз деген Үкіметтің сөзі әлі де жеткіліксіз. Ертең карантин бітсе де, мектепке ақпараттық технологиямен сауатты жұмыс істей алатын, заман талабына сай маман керек. Өйткені біз цифрлы заман балаларын тәрбиелеп жатырмыз. Ал мұндай оқушыларды таңғалдыру мүмкін емес. Егер карантиндік шаралар тағы бір-екі жылға созылса, мемлекет білім жүйе­сін қалпына келтіру шараларын бастауға мәжбүр болады. Дегенмен жағдайға маңызды мәселе ретінде қарамай отырған Үкіметті бұл алаңдатпайтын да сияқты. Ата-аналар платформаларға кіру кезінде анайы видеолардың қосылып кететінін айтып, күресіп жатқанда, отандық мектептің рейтингтері тез төмендеп қана қоймай, сауда алаңына да айналып кетті. Қазір BilimLand, Daryn.Online, Opiq-ден өзге онлайн оқу платформалары қаптап кеткен. Барлығының көздегені – сапалы білім емес, жеке бас пайдасы. Өз платформаларын тендерге қатыстырып, қалайда көп мектепке өткізуді ойлайды. [caption id="attachment_74546" align="alignnone" width="1024"] фото интернеттен алынды[/caption]

Мұғалімнің білімі қай деңгейде?

2021 жылдың наурыз айында министрлік жыл басынан бері мұғалімдердің 40%-ы ғана педагогикалық шеберлік деңгейін растай алды деп мәлімдеді. «Қазақстанның барлық өңірлерінде өтіп жатқан мұғалімдердің аттестациясы көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 13 430 мұғалім ғана өз деңгейін растады. Сондай-ақ Алматы, Атырау және Түркістан облыстарында сырттай оқитын және бір мезгілде жұмыс істейтін мұғалімдер санының өсуі алаңдаушылық тудырады», - деп хабарлады Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова. Статистика бойынша мұғалімдердің тек 3,2% пайызы магис­тратураны бітірген. Бұған дейін Қазақстан Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов қазақстандық мұғалімдер табыс табу мүмкіндігі үшін заңды бұзуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Өйткені біліктілік тестілеуін өткізу кезінде педагогтардың өзінен тәртіп бұзушылықтар анықталды. Рейтингтердің құлдырауы кеше басталған жоқ. 2020 жылдың басында компьютерлік тестілеуден өткен 73 мыңнан астам мұғалімнің 56%-ы сәтсіз тапсырды. Ал 2020 жылдың қыркүйегінде министрлік қосымша білім беру ұйымдары мұғалімдерінің білім деңгейін тексерді. Тестілеуге 2 802 адам қатысты, олардың 88% тестен өте алмады.

Нәтиже не көрсетті?

Бақылаусыз реформалардың орта мектепті тығырыққа тірегенінің тағы бір дәлелі – халықаралық тестілеу нәтижелерінің төмендігі. Мысалы, 2018 жылы Қазақстан PISA зерттеу бағдарламасына қатысқан барлық жылдар ішінде ең нашар нәтиже көрсетті. Бұл зерттеуге 79 елден және экономикалық аймақтардан келген оқушылар қатысқан. Нәтижесінде 15 жастағы қазақстандық оқушылар 69-орынға ие болды. 2019 жылы PISA, TALIS, ICILS және PIAAC сияқты халықаралық салыстырмалы зерттеулердің деректері бойынша Қазақстан төмен нәтижелер көрсетті. Мамандардың айтуынша, білім беру дайындығы деңгейі бойынша қазақстандық оқушылар ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан 3 жылға, ал қытайлық, жапондық және сингапурлық оқушылардан 5 жылға артта қалып отыр. «Сарапшылар төртінші тоқсанда оқушыларымыз PISA оқу баламасы бойынша орта есеппен сегіз балл жоғалтады деп болжап отыр. Функционалды сауатсыз қазақстандықтардың саны артуы мүмкін. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк мамандары пандемия кезінде нашар оқыту Қазақстан экономикасына ондаған жылдарға соққы береді деп есептеді. Жыл сайынғы шығын 1,9 миллиард долларды құрайды», - деді BTS-Education кеңесшісі Бауыржан Әбуов. Министр Асхат Аймағамбетов рейтингтердің төмендеуіне қатысты түсініктеме берді. «Біздің балаларымыз аз оқып қана қоймай, оқыған мәтінді нашар түсінетінін мойындау керек. Оқу кезінде талдау және қорытынды жасау дағдылары нашар. Бұл – шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема», - деп атап өтті ол. Бұл ретте министр білім беруді дамыту үшін мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі әдебиеттің жеткілікті қорын қалыптастыруды және оны цифрландыруды тапсырды. Министрдің мәліметінше, білім беру ұйымдарындағы кітапхана қоры 267 325 289 кітапты құрайды. «Бұл сан, әрине, жақсы. Бірақ олардың қаншасы көркем әдебиет? Мемлекеттік тілде қанша кітап бар? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э.Берроуз, А.Әзімов, М.Твен және басқа авторлардың, әсіресе қазақ тіліндегі кітаптары бар ма? Бұл жерде мәселе көп», - деді Асхат Аймағамбетов. Бірақ оның сұрақтары жауапсыз қалды. Кезінде Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров қазақстандық мектептің артта қалуы мен БҒМ-нің көп қаржы жұмсайтын даму бағдарламасын «білімнің құлдырауына әкеле жатыр» деп болжап еді. «Кезінде халқымыз­дың шопандарына дейін жаппай сауатты болды. Еңбек ресурсы жағынан алып қарасақ та, тарихи артықшылықтарымыз көп еді. Бірақ біз осы жолдан жаңылдық. Мемлекеттің өзі дарынды жастардың шетелге кетуін ынталандырады. Себебі көптеген ата-ана білім беру жүйесінің құлдырауын сезіп, біліп отыр. Сондықтан балаларын Қазақстаннан тыс жерлерге жібереді», - деді Айқын Қоңыров. Әрине, мектептегі шиеленіскен жағдайлар үшін жауапкершілікті тек қазіргі министр Асхат Аймағамбетовке артуға болмайды. Бүгінгі жағдайға отыз жылда 13 рет ауысқан әр министрдің қосқан «үлесі» бар. Салаға жасалған реформалардың барлығының нәтиже бермеуі бюрократияның ғана кінәсі емес, жергілікті деңгейде – қалалық және облыстық білім басқармаларының да салғырттығының салдары. Ата-аналардың көпшілігі балаларының мектепке барғанын қалайды. Дегенмен, қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Жасыл және сары аймақтардағы мектептердегі оқушыларға бұдан былай бетперде тақпауға рұқсат беріледі. Егер ата-ана балам бетпердесіз отыруы керек десе – өз қалаулары. Қызыл аймақтағы мектептер бетпердені міндетті түрде тағу керек. Карантиннің бір пайдасы 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқудың толық базасы интернетке жүктелді. Кейін сабақтан бір күн қалған бала өтіп кеткен тақырыпты интернеттен іздеп көре алады. Әрине, оған дейін бүкіл Қазақстан толық интернетпен қамтылса…

Көктем ҚАРҚЫН