Франциядағы қала мэрінің орынбасары болған қазақ қызы Қазақстанмен байланысты нығайтқысы келетінін айтты
Бұл туралы ол «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты. Оның атасы Қазақстанда, әкесі Түркияда туған. Ал Есім Саваштың өзі Францияда дүниеге келген. Франция иммигрантының қызы саясатпен ерте жастан айналысыпты. Отызға толар кезінде өзінің туып-өскен қаласы мэрінің орынбасары болған. Бойжеткен сайлаудағы жеңісінен кейін Қазақстанның ол үшін қаншалықты маңызды бола түскенін айтады. Қазіргі таңда оның жұмыс кестесінің әрбір сағаты жоспарланып қойылған көрінеді. Күндіз ол мектепте жұмыс жүргізсе, кешкілік мэр орынбасары қала мәдениетінің мәселелерімен айналысады. Крей қаласының мәдени ортасын дамыту жөніндегі үлкен жобасын жүзеге асыруды қолға алған Есім өзінің тарихи Отанымен де байланысты нығайтқысы келетінін жасырмады. «2014 жылы муниципиалдық кеңеске сайланған кезде мен халықаралық қатынастармен айналыстым. Айта кету керек, Крей қаласы әлемнің 12 қаласымен тығыз байланыс орнатқан. Біз – Крейдегі жалғыз қазақ отбасымыз. Сондықтан Қазақстанмен байланысымызды нығайтсақ, жақсы болар еді. Мен осыған дейін әлемнің бірқатар қаласымен, соның ішінде Түркияның Кушадасы қаласымен де байланыс орнаттым. Қазақстанның бір қаласымен байланыс орнатсам, мен үшін абырой болар еді», - деді Есім Саваш. Осыған дейін Қазақстанда бірде-бір рет болмаған Есім Саваш тарихи отанына келуді армандайды екен. Оның атасы атажұрттан өткен ғасырдың орта тұсында кетіпті. Бірақ жырақта жүрсе де ол өзінің ұрпағына тегіне деген сүйіспеншілігін, құрметін сіңіре білген. Есім үйінде үнемі ұлттық тағам дайындап, отбасында қазақы салт-дәстүрді ұстанатындарын айтады. «Мені түрік деп айтса да болады. Өйткені ата-анамда Түркия азаматтығы болса, менде Франция азаматтығы. Бірақ менен ұлтымды сұраса, мен бәріне әрдайым қазақ екенімді айтамын. Маған ата-әжеммен бірге тұрмағандықтан, қазақ тілін ешкім үйретпегендіктен, ана тілімде сөйлемесем де, мен қазақпын. Қазақстан халқы менімен мақтан тұтатынын естігенде көз-жасыма ерік бердім. Тұтас елдің қолдауын сезінгенде бөлекше сезімде болдым», - деді Крей қаласы мэрінің орынбасары. Қала мэрі орынбасары лауазымына тағайындалуы Франция қазақтары ғана емес, жалпы қазақ қоғамы алдында Есімнің жұлдызы жарқырай түсті. Ол енді қазақ диаспорасның жастары саясатқа көптеп тартпақ. Бойжеткен тарихи отандастарына әлі талай Франция қазақтарының есімін танытуға атсалысуға тырысатынын айтады.