«Астана Опера» Камералық залында жаңа Astana Percussion соқпалы аспаптар ансамблі өнер көрсетеді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Астана Опера» Камералық залында жаңа Astana Percussion соқпалы аспаптар ансамблі өнер көрсетеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111868648062086.webp)
Ансамбль атауының түп-тамыры ағылшынның percussion сөзінен бастау алады, ол «соқпалы аспаптар» мағынасын береді. «Театрдың іргетасы қаланғалы осы ансамбльді құру ойымызда болатын. Симфониялық оркестрімізде тамаша музыканттар, оның ішінде аса кәсіпқой дабылшылар бар. Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты өзін-өзі кемелдендіру үшін үнемі уақыт табыла бермейтін, тек локдаун кезінде аталмыш жобаны қолға алуға бос уақытымыз пайда болған сәтте шығармашылық асқақтауымызға мүмкіндік туды. Қазақстанда соқпалы аспаптарға арналған концерттік бағдарламаларды жеке орындау айтарлықтай жетілдірілмеген. Сондықтан Astana Percussion ұжымының басты мақсаты – соқпалы музыканы насихаттау, дәріптеу. Дабылмен тамаша әуендер шығаруға болады, аталмыш аспаптың «әндете» алатынын біреуі білсе, біреуі біле қоймас», - деп бөлісті ұжымның көркемдік жетекшісі Ерболат Тәшкенбаев. «Бағдарламаны көпшілік көрерменнің қалауына қарай іріктедік, халықтың басым бөлігіне ұнайтын шығармаларды таңдап алуға тырыстық. Алайда қазақ шығармаларына басымдық бердік, классика, джаз нөмірлерін қостық, осының бәрін қарқынды попурри форматына келтірілген ұлттық композицияларымызбен қорытындыладық. Бауыржан Мақаев өзінің төл туындысы «Самғау» күйін домбырада соқпалы аспаптардың сүйемелдеуімен орындайды. Бұл біздің алғашқы жобамыз, ал жоспарда – асқақ өнер бағалаушыларына көптеген қызықты, алуан түрлі концерттер ұсынып, оған жарқын шығармашылық өмір сыйлау. Жақын арада дайындық жұмыстары басталатын латын америкалық шоу бағдарламалар көрермендерімізді қызықтырары сөзсіз деген ойдамын, - деп атап өтті Ерболат Тәшкенбаев. Осылайша, елорда тұрғындары мен қонақтары А.Вивальдидің «Жыл мезгілдері» («Найзағай»), М.Монтано / Коттың Static medley!, сондай-ақ қазақ күйлері тақырыбына попуррилер: Әсет Әбілдиннің аспаптық өңдеуінде Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Н.Тілендиевтің «Ата толғау», Б.Мақаевтың «Самғау» (премьера), К.Кудрявцевтің соқпалы аспаптарға арналған «Увертюра» мен Iron Butterfly шығармаларын тыңдайды. Атап өтер болсақ, Astana Percussion ансамблінің құрамына өздерін кәсіби мамандар ретінде танытқан муыканттар, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары – Ерболат Тәшкенбаев (ансамбльдің көркемдік жетекшісі), Мақсат Сүлейменов, Нұрхан Набрешов, Болат Тұрабеков, Ахат Тәшкенбаев, Қабдол Шаншарбаев, Жасболат Тәшкенбаев, Жасұлан Қабимолла енген, сондай-ақ концерт Бауыржан Мақаев (домбыра), Айгүл Қалкенова (фортепиано), Андрей Супрунович (гитара), Есболат Айболат (бас-гитара), Ертай Мамырбеков (соқпалы аспап), Далер Мүбараков (соқпалы аспап) және Ораз Сұлтановтың (соқпалы аспап) қатысуымен өтеді.