Тимур Спатаев көлікті тіспен сүйреу үшін қандай жаттығу жасайтынын айтты

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тимур Спатаев көлікті тіспен сүйреу үшін қандай жаттығу жасайтынын айтты
ашық дереккөз

«Мен жасағанды қайталауға әрекет ететіндер көп. Инстаграм, ватсап әлеуметтік желілерінен көптеген видео келіп жатады. Мысалы, әлеуметтік желіге автобусты тіспен сүйреткен видеомды жүктеп едім, ертесінде бір орыс ұлтының баласы тіспен газельді сүйреген видеосын жіберіпті. Ауыр тас көтеріп, темір майыстырған нөмірлерімді қайталап жатқан ересек адамдар да бар. Әсіресе жастар жағы басым», - деді Тимур Спатаев.

Әлеуметтік желілерде жаттығу кездеріндегі сәттермен бөлісіп тұратын спортшы биыл қыс бойы аязда суға шомылып, мұз үстінде гір тасын көтерген жаттығуларын жариялап отырды. «Менің жасап жүргендерім кейбір адамға таңсық болып көрінуі мүмкін. Ал мен үшін ол үйреншікті жағдай. Өйткені 25 жылдан бері спортпен үзбей жаттығып келемін. Бала күнімнен мықты болсам деп армандайтынмын. Соған орай Алла маған күш-қуат берді. Екіншіден, өзімнің еңбегім. Таңның атысынан кештің батысына дейін түрлі жаттығу жасаймын, көп еңбектенемін. Кейде түн ішінде де жаттығамын. Түрлі ой келеді санама. Сіз айтып отырған шегені жалаң қолмен майыстыру, тіспен көлікті сүйретудің бәрі көп дайындықпен келді. Мысалы, бірден барып ауыр техниканы тіспен тарта салған жоқпын. Күнделікті ауыз қуысыма, тістерімнің айналасына резіңке салып, сонымен біраз жүремін. Арнайы спорт залдарға барамын. Қазіргі таңда өз-өзіме бапкермін. Осының өзіне екі жылдай уақыт кетті. Иә, Құдай маған күш-қуат берді, бірақ арман-мақсатыңды жүзеге асыру әрі қарай адамның өзіне байланысты. Ал мен алдыма мақсат қойсам, соны қалай да іске асыруға талпынамын», - деді қара күш иесі. Айта кетсек, Тимур Спатаев әскери салада талай жыл қызмет еткен. Былтыр елімізде Төтенше жағдай жарияланған соң Президенттің Жарлығымен запастағы әскерилер жұмысқа шақырылған кезде запастағы капитан Спатаев өз еркімен Қорғаныс жөніндегі басқармаға барып, елордаға дизенфекция жасайтын роталардың бірін басқарып, тұрғын үйлерге зарарсыздандыру жүргізу бойынша қызмет көрсетті. Бұл туралы "Темір адамның" Елорда Инфо тілшісіне берген сұхбатынан оқи аласыздар.