Голливудқа өткізетін жобаларым дайын тұр – Америкада оқып жатқан қазақ режиссері

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Голливудқа өткізетін жобаларым дайын тұр – Америкада оқып жатқан қазақ режиссері
ашық дереккөз

– Жанат мырза, қазір АҚШ-та кино саласы бойынша біліміңізді жетілдіріп жатыр екенсіз. Қазіргі оқу орныңыз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Онда әлемге әйгілі қай киногерлер оқыған? Бүгінде қандай ұстаздар сабақ береді?

– Солтүстік Колифорния штатының университетінде оқып жатырмын. Онда әлемдік мәдениетті зерттеу бойынша білімімді жетілдірудемін. Өйткені бұл кино саласында аса қажет. Тарих, көркемөнер, рухани дүниелерді барлығын бірге оқытады. Ал режиссерлік жағына келсек, қазіргі уақытта әлемге әйгілі Ро Херт деген кинорежиссердің арнайы сабағына қатысып, одан бөлек қосымша актерлік сабақ алып жүрмін. Кезінде Голливудтың талай актерін тәрбиелеген марқұм Тони Баррдың шәкірті Эрик Стефан сынды тұлғалардың сабағына қатысудамын. Оның алдынан да талай танымал адамдар шыққан. – Бұған дейін канадалық режиссердің жылқы туралы деректі фильміне түскеніңіз туралы хабардармыз. Онда кімнің рөлін сомдадыңыз? Кастингпен қабылдандыңыз ба? Басқа қандай фильмдерге түстіңіз? – «Адамзаттың ұлы сапары» деректі фильмін және басқа да көптеген фильмдерді түсірген әлемге танымал канадалық режиссер Найоби Томпсон Қазақстанға келіп, «Жылқылар аңызы» деген деректі фильм түсірді. Онда ең алғаш рет атқа міну үрдісі Қазақстанда пайда болғаны туралы көрсетілді. Бұл жобаны Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, Нұрбол Баймұханов продюсерлік етіп, деректі фильмнің түсірілімі болды. Оған актерлерді режиссер өзі кастинг арқылы таңдады. Содан «түрің байырғы адамдарға келеді екен» деп мені де қабылдады. Бұдан бөлек, «Томирис» фильмінде бір тайпа генералының рөлін сомдадым. «Қазақ хандығы» фильмінде ханның қолбасы сияқты қосымша рөлдер де болды. Бірқатар сериалға түстім. Сонымен қатар BBC телеарнасы түсірген Жетісу қазақтары туралы бейнеролигінен де бір рөл бұйырды. Жақында «Қасым хан» фильміне түсуге бір рөлді ұсынды. Оған қазіргі уақытта АҚШ-та оқып жатқандықтан, одан бас тартуыма тура келді. – Естуімізше, сіз каскадерсіз. Қандай трюктерді орындайсыз? Түсірілім кездерінде қандай қызықты немесе қиын сәттер болды? – Каскадерлік менің негізгі мамандығым емес. Бірақ қосымша атқарамын. Ат үстінде қылыштасу сияқты түрлі көріністерді жасай аламын. Ал түсірілім кезінде әртүрлі қызық жағдайлар болып тұрады. Мысалы, «Томирис» фильмінде 100-200 атты адам соғыс көрінісін қойды. Олардың арасында тәжірибесі жоқ мамандар да болды. Олар ағаштан жасалған қылышпен байқамай ұрып жіберуі мүмкін. Болмаса атпен келіп, соғып кетеді. Одан бөлек, атқа міне алмайтын актерлердің құлап қалғаны сияқты жағдайлар көп болған. Ол киноның түсірілімі кезінде шілденің шіліңгір ыстығы болатын, үстіде қалың сауыт. Сонымен күні бойы Қапшағайда ат үстінде жүретінбіз. Сол кезде 12 келі салмақ тастаған едім. [caption id="attachment_72954" align="alignnone" width="640"] Фото: Жанат Дәлей/Instagram[/caption] – Қазіргі уақытта шетелдік режиссерлер тарапынан ұсыныстар түсіп жатыр ма? – Иә, ұсыныс түсті. Бірақ өкініштісі менде Америка аумағында жұмыс істеуге арналған рұқсат қағаздың болмағаны себепті ол рөлден амалсыз бас тартуыма тура келді. – Қай кино режиссерді немесе актерді үлгі тұтасыз? Мысалы, Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Жан-Клоуд Вандамм сияқты басқа да актерлермен жолыққан кездеріңіз болды ма? – Режиссерлерден Джеймс Кэмерон, мексикалық Алехандро, одан бөлек өзімнің қазіргі ұстазым Рон Ховард сынды әлемге танымал, өте мықты осы режиссерлерді үлгі тұтамын. Ал актерлерден, әрине, сіз айтып отырған Сильвестер Сталлоне, Арнольд Шварценеггер сияқты экшн жанрының актерлерінің еңбекқорлығын құрметтеймін. Бірақ мен драмалық актерлерді жақсы көремін. Леонардо Ди Каприо мен Николас Кэйдж, Том Хэнкс сынды актерлерді жоғары бағалаймын, үлгі тұтамын. Леонардо Ди Каприоның шеберлік сабағына жазылған болатынбыз. Бірақ өкінішке қарай коронавирустық пандемия басталып, соның салдарынан ол шара өткізілмеді. Былтырдан бері осындай көп кездесу өтпей, ешкіммен жолыға алмай қалдық. Бұйырса алдағы уақытта жолығамыз деп ойлаймын. – Болашақта қандай жанрда және қандай тақырыпта кино түсіргіңіз келеді? Арман-мақсат, жоспарыңыз туралы айтсаңыз. – Болашақта драма төңірегінде және тарихи қиян-кескі оқиғалар желісімен ата-бабаларымыздың, ғұндардың, түркілердің тарихын, Батыс Түрік қағанаты кезіндегі, одан кейінгі хандықтар, Шыңғыс ханның кезі, Көшім ханның тұсы, одан кейін соңғы хандарымыз туралы, жалпы қазақ халқының тарихын, батырлығын, ұлтымыздың ұлттық мәдениетін әйгілейтін, өзіміздің тарихымызды әлемге танытатын осындай фильмдерді түсіруді мақсат етіп отырмын. Қазірдің өзінде бірқатар жобамды Голливудқа өткізуге дайындап қойдым. Жақында Голливудқа жол тартады. Өзім киноның сценариін де жазамын. Содан соң режиссерлік етіп, түсірсем деген де жоспарым бар. – Сіз сонымен қатар садақшы екенсіз. Спорттың тағы қандай түрімен айналысасыз? – Иә, бірақ мен халықаралық жарыстарға қатысып көрмедім. Тек «Дешті-Қыпшақ» федерациясының президенті ретінде ұлттық ойындарды дамыту мақсатында бірқатар жұмыстарды атқарып жүрмін. «Дешті-Қыпшақ» федерациясын 2018 жылы Алматыда құрғанбыз. Ашық финалдан жастар мен ересектер арасында садақ атудан жеті рет жарыс өткіздік. 2019 жылдың қазан айында Талдықорғанда «Орбұлақ» шайқасына арналған «Алтын жебе» республикалық жарысы өтті. Сол жарысты біз ұйымдастырдық. Биылғы наурыз айында ересектер мен жастар арасында тағы бір жарыс өткіздік. [caption id="attachment_72955" align="alignnone" width="680"] Фото: Жанат Дәлей/Instagram[/caption] Мықты садақшыларымыз бар. Олардың алды республикалық жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Алдағы уақытта тағы да бірқатар жарыс өткізсек деген жоспарымыз бар. Жақында Түркістанда садақ атудан жарыс өткізілмек болған. Оған «Дешті-Қыпшақ» федерациясының садақшылары қатыспақ еді. Алайда коронавирустық пандемияның салдарынан өтпей қалды. Ал Атырауда өткен жарыста біздің федерацияның садақшылары жүлделі орындарға ие болды. Бұдан бөлек, бокспен және муай-тай спорт түрлерімен айналысқанмын. – Сіздің ойыңызша, отандық киноиндустриясына қазіргі таңда не жеткіліксіз? Қазақ киносының болашағын қалай елестетесіз? – Біздің отандық кино студияларға жетіспейтін дүние өте көп. Киноны кәсіби тұрғыда түсіру және оны өз мамандарының түсіруі өте маңызды. Бірақ бізде қазір білімі бар болса да, жоқ болса да, кім көрінген кино түсіре беретін болды. Кино саласы деген – әлемдегі барлық мамандықты бойына жинаған үлкен өнер. Ол өнерге кім болса сол бас сұға алмайды. Ол – білімді, қарым-қабілетті, тума талантты қажет ететін дүние. Кино деген – үлкен топтың, көптеген адамдар тобының жасап шығаратын шығармашылық түрі ғой. Бұған голлактиктік жұмыс жасауды білу керек және сондағы әр маман білімді, тәжірибелі болуы керек. Сонда жақсы кино шығады. Қазіргі уақытта біздің кино студияларға білімді мамандар қажет. Өз ісінің нағыз шеберлерімен толықтырсақ, қазақ киносының әлемдік деңгейге көтерілетініне үмітіміз зор. Жалпы, қазақ киносы дамысын десек, кино саласына қатысты қандай мамандық бар, соның әрқайсысы бойынша мамандарымыз Америкада білімін жетілдіруі керек деп ойлаймын. Шетелдік мықты кино түсіру топтарымен, режиссерлермен кездесіп, тәжірибе алмасуы қажет. Қазіргі таңда кино саласы барған сайын дамып барады. Техникалары да өте жоғары деңгейде. Ал бізде әлі бұл жағынан кенже қалып жатыр. Техникамызды толықтырумен қатар, білімді де жетілдіру керек. Сондай-ақ жастарымызға да қаржылық жағынан зор қолдау көрсету керек. Сонда біз отандық киноны әлемдік деңгейге көтере аламыз. – Қазақ жастарына көруге кеңес беретін 5 фильмді атасаңыз. – Қазақ жастарына көруге кеңес беретін кинолар көп. Соның ішінде бесеуін айтатын болсам, біріншісі – «Үш бектік», екінші – «Су бойында», үшіншісі – «In the heart of the sea», төртіншісі – «Dark valley», бесіншісі – «The ravnant». Мұндағы «Үш бектік» фильмі Қытайда түсірілген. Онда ғұндардың заманын көрсетеді. Мықты батырлар дәріптеледі. Патшалықтың іріп-шіріген кезінде адамдардың батырлардың, жан-жағындағы ұлыстардың басын қосып, үлкен бір ел болу, территория қалыптастыру, империя құру жолындағы шайқастар баяндалады. Өте тамаша кино. Бұл фильмді режиссерлікпен айналысатын, жалпы кинемотографияның айналасындағы жас мамандарға да көруге кеңес берер едім. Одан кейін «Су бойында» деген фильм де – Қытайдың сол замандағы іріп-шіріген оқиғаларын әшкерелейтін кино. Егер арғы тегіне үңілсе, олардың бәрі түркілер болған екен. Ол кітапта да бар. Бірақ қазір бәрі басқаша айтылады. Содан соң «Dark valley», яғни «Қараңғы аңғар» деген кино – жастарды батырлыққа, алған бетінен қайтпауға, намысқойлыққа тәрбиелейтін фильм. Бұдан кейінгі мексикалық режиссер Алехандро түсірген, Леонардо Ди Каприо ойнаған «The ravnant» фильмі де адамның бойындағы қайсарлықты, рухты көрсеткен. Кинодан алатын мағына адам қандай да бір іске құлшыныс танытса, сөзсіз жеңіске, табысқа жететіндігі көрсетілген. Одан кейін менің ұстазым Том Ховардтың «Теңіздің жүрегінде» деген фильмі де – көруге тұрарлық тамаша кино. – Сұхбатыңызға рақмет!