«Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» байқауына өтінімдер қабылдау 20 қазанда аяқталады
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен кітапханасы ұйымдастырған баспа және электрондық БАҚ қызметкерлері арасындағы жыл сайынғы халықаралық байқауға өтінімдер қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды Елорда Инфо. ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» тақырыбы бойынша өтетін сайысқа материалдар қабылданып жатыр. Байқау «Үздік телевизиялық материал»; «Үздік радиоматериал»; «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала»;«Ғаламтордағы үздік жарияланым» және «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» деген бес номинация бойынша өтеді. «Әрбір номинация жеңімпаздарына ақшалай жүлде, диплом және төсбелгі тапсырылады. Байқауға кәсіпқой журналистер жеке және ұжымдық негізде қатыса алады. Байқауға 2019 жылдың 10 қазаны мен 2020 жылдың 10 қазан аралығында ресми жарияланған (жарық көрген, эфирге шыққан, ғаламторда жарияланған) материалдар қабылданады», делінген хабарламада. Сайыс қорытындысын белгілі журналистер мен еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінен тұратын комиссия шығарады. Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіледі. Байқауға қатысуға өтінімдер 2020 жылғы 1 маусым мен 20 қазан аралығында presidentlibrary.pr.kz@gmail.com электронды поштасына «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» конкурсына» деген белгімен қабылданады.