Елордада студенттік тұрғын үй кешені бой көтереді
Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламалық құжатының үшінші бағытын іске асырудағы басты міндет. Яғни Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және Студенттердің жатақханадағы жағдайын жақсарту. Осы орайда биыл құрылысы басталатын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік жатақханасының іргетасын салтанатты қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо. Салтанатты шараға ҚР білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, Қаржы орталығы президенті Асқар Ибраимов, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры Балшекер Мұхамедқызы қатысты. Студенттер үйі кешені - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ауқымды жобаларының бірі. Жалпы ауданы 45000 шаршы метр болатын стдуенттік жатақхананың іргетасы Нұр-Сұлтан қаласындағы А.Байтұрсынұлы мен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында қаланды. Бес қабаттан тұратын 3 блок, 2361 орындық жатақхана республика тарихындағы ең ірі жоба. Мұнда студенттердің жайлы тұруына, оқып демалуына жағдайлар жасалады. Демалыс орталықтары, тренажер залдары, спорт алаңдары мен дүкендер желісі де қарастырылған. Құны 7 млрд. теңгеден астатын құрылыс жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Мердігер «MEGASTROI SERVIS» ЖШС. Студенттер үйі кешені 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, салтанатты шараға қатысушылар тарихи сәтте 2045 жылғы студенттерге арнап өсиет- хат жазып, сақтады.