Әскерилер ҰОС қатысушысының сүйегін туыстарына табыстады
1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясының Смоленск облысының аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгер Медет Аманжоловтың сүйегін туыстарына беру рәсімі Елордалық авиациялық базада өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Солдаттың сүйегі сәуір айының басында Смоленск облысының Темкин ауданында іздеу-барлау экспедициясын өткізу кезінде табылды. Сақталып қалған мойынтұмарының арқасында жауынгердің есімі анықталды. 2020 жылдың 9 мамырында әскери бортпен сарбаздың сүйегі Нұр-Сұлтан қаласындағы авиациялық базаға жеткізілді. Қазақстан Қарулы Күштері әскери басшылығының, Қазақстандағы Ресей елшілігі қызметкерлерінің және авиабазаның жеке құрамының қатысуымен әскери рәсімдерді сақтай отырып, мәйіттерді одан әрі қайта жерлеу үшін туыстарына тапсырды. «Бүгін біз ұрыс даласынан оралмаған сарбаздарға тағзым етіп, жерлестеріміз Медет Аманжоловтың сүйегін еліне 78 жылдан кейін туған-туыстарына табыстауға жиналдық. Сол уақытта Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизиялар, 7 бригада, 50 полк құрылған болатын. Сол соғыстың сарбаздарының ерлігін біздің балаларымыз, немерелеріміз мәңгі естерінде сақтауына ықпал етуіміз керек», - деді ҚР ҚК Әуе қорүаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Әлім Ыбыраев. Медет Аманжолов Қарағанды облысы Шет ауданы Жастерек ауылының тумасы. Соғыс алдында ол әскерге шақырылып, 1941жылы 24 жасында майданға бірден аттанды. Оның соңғы қызмет орны 125-ші жеке атқыштар бригадасының жеке барлау ротасы еді. Сарбаздың туыстары әлі де сол Шет ауылында тұрып жатыр. 1942 жылы оның отбасына Смоленс қаласын қорғау кезінде Медет Аманжоловтың қаза болғаны туралы хабар алады. Көп жылдар бойы оның ұрпақтары оның жерленген жерін іздестіріп таба алмаған, бірақ 78 жыл өткеннен кейін олар батыр бабаларын оның туған жерінде жерлеулеріне мүмкіндік туды. «Бізге кенеттен қоңырау шалып, оның табылғанын хабарлады. Біз таңқалғанымыз сонша, тіпті ештеңе айта алмадық. Содан кейін бізге елшілік пен әскерилер көмек көрсетті. Біз өте ризамыз және алғысымызды айтамыз. Қазір біз оны туған жеріне апарамыз. Әр адамның үміті бар. Оған әрқашан сену керек және ол міндетті түрде орындалады», - деп табылған сарбаздың немересі Мұрат Аманжолов ойымен бөлісті.