Астанада баланы көлік қағып кетті
19 желтоқсанда сағат 17:50 шамасында «Toyota Highlander» автокөлігінің жүргізушісі Бұқар жырау көшесімен келе жатып, жолдың жүру бөлігін бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы қағып кетті, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жол апаты салдарынан 8 жасар бала қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер тексергеннен кейін олар үйіне жіберілді. Аталған факті бойынша анықтау жүргізіліп жатыр.
Оқиғадан кейін жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жолды жарықтандырудың болмауына байланысты жолды жауып тастады. Жиналғандармен әңгіме жүргізілді. Аталған учаскені жақсарту бойынша жол жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы ақпарат жергілікті атқарушы органға жіберілді.
Астанада баланы көлiк қағып кеткен көше жарықтандырылады. Бұл туралы қалалық әкімдік мәлімдеді.
Аталған мәселе бақылауда. Көше қысқа мерзім ішінде жарықтандырылады. Осыған дейін жарық уақытша схема бойынша берілген, себебі көшеге жарық орнату жұмысы толық бітпеген. Мәселе қысқа мерзімде шешіліп, жарық толық көлемде беріледі, - деп жазылған хабарламада.