Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті

Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті
Фото: Сұлтан Сейітов

Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №8 көпшілік кітапханасында журналист-публицист, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Кездесуге студенттер мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, БАҚ өкілдерімен қатар оқырман қауым қатысты. 

2024 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы «Tengri Ltd» баспасынан 1000 данамен басылып шыққан қаламгердің бұл алғашқы әдеби-көркем шығармалар жинағына «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және әңгімелері кірген. 

Бұған дейін журналистика саласында еңбек етіп, бірнеше кітап шығарған Төлен Зәрубайұлы «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабымен енді көркем шығарманың да аламанына ат қосып отыр. Оның бұл шығармасына ауыл баласының арман-тілегі, мақсат-мұраты, адамның бойындағы адалдық, адамгершілік, мейірім сияқты ізгі қасиеттер арқау болған. Басты кейіпкер – Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы автор ауыл адамдарының мінез-құлқын, болмыс-бітімін бүкпесіз беруге ұмтылады. Повесте автор адам баласы мен табиғаттың үндестігі, бірінсіз бірінің күні жоқтығын астарлап жеткізеді. Сондай-ақ, ол өз әңгімелерінде Отанды сүю, табиғатты қорғау, махаббатқа адалдық тақырыптарын көркем тілмен кестелейді. «Ақбөкен жылаған түн» деректі-көркем әңгімесіне қазақтың қаһарман ұлы, қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлермен арпалысы, өшпес ерлігі негіз етіп алынған. «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелерінде махаббатқа адалдық, адам жанының құпиясы, албырт шақтағы адамның бойында кездесетін қателіктер сөз болады. 

Бұл Төлен Тілеубайдың прозадағы алғашқы еңбегі болса да оны оқырмандар мен қоғам жылы қабылдады. Өткенде ғана кітап авторын қабылдаған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік УӘЛИ: «Төкеңнің прозадағы тырнақалды туындысына көз жүгіртіп, ақпараттық алаңда қамшы салдырмайтын журналистің жаңа қырын байқадым», -  деп өзінің бағасын беріп, әлеуметтік желі арқылы кітаптан алған әсерімен бөліскен болатын.

Енді міне көпшілік алдына өз шығармасын таныстырған жазушыға оқырмандары да түрлі сұрақтар қойып, іштей өздерін мазалап жүрген ойларына, сұрақтарына автордың өз аузынан жауап алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Шын мәнінде әлемдік журанлистикадан әдебиетке ауысып, оңды-солды қалам тербеген жазушылар аз болған жоқ. 

Оған кешегі BBC-де және басқа да баспасөздерде журналистік қызмет атқарып, кейін әлемге әйгілі балалар жазушысына айналған Руаль Дал немесе журналистикада қызмет атқарып, әдебиет пен баспасөз арасындағы шекараны айқындап берген Эдгар Аллан По сияқты классиктер дәлел бола алады. Сондықтан да шығар, кездесу барысында оқырмандар Төлен Тілеубайға журанлистика мен әдеби шығарманың айырмашылығы туралы көбірек сұрақтар қойды. 

«Жалпы жазушылар мен журналистердің ортақ ерекшелігі — олар қоғамдық мәселелерді жазуда үлкен тәжірибеге ие, былайша айтқанда, журналистика мен проза шығармашылық тұрғыда бірін бірі толықтырып отырады. Сондықтан журналистиканы нашар, жазушылықты мықты деп бағалау өте қиын. Әрине журналистика нақтылықты қажет етсе, көркем шығарма адамның ішкі жан дүниесіне үңілуді, тереңірек зерттеуді қажет етеді. Алайда екеуінің де бір ортақ ұқсастығы -  жазу. Ал қалай жазу керектігін автордың өзінің білім деңгейі мен сана-сезімі, ішкі түйсігі, қарым-қабілеті анықтайды», - деп жауап берді Төлен Тілеубай бұл сауалдарға. 

Кездесу барысында аудармашы, зейнеткер Рымбала Смайылова, Астана қаласындағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей директорының бастауыш оқу ісі жөніндегі орынбасары, зерттеуші-педагог Ельмира Жоламанова, Астана қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлбадан Сақтапқызы сияқты зиялы қауым өкілдері «Түлкілітаудың аспаны» кітабы туралы жылы лебіздерін білдіріп, авторға сәттілік тіледі.

Шапағат Әбдір