Астанадағы қысқы қайырылымдылық балында 80 млн теңгеден астам қаржы жиналды
Астанада «Болашақ» корпоративтік қоры Қысқы қайырымдылық балын өткізді, деп хабарлады Elorda.info «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Бұл шара жыл сайын ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алу проблемасына қоғамның назарын аударту және талантты жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Жиналған қаражат қордың «Әр балаға лайықты мектеп» және «Жол жүру гранттары» әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады.
«Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан журналистерге жыл сайынғы Қысқы қайырымдылық балын қор соңғы 10 жыл бойы өткізіп келе жатқанын айтты. Балды ұйымдастырушылар үшін – бұл ең алдымен көптеген компанияның қолдауымен жебеушілік және демеушілік актісі. Мұның бәрі де серіктестердің арқасында ғана мұмкін болып отыр. Балдың түпкілікті мәні қордың визит картасына айналған дебютанттардың өнер көрсетуі ғана емес, сонымен бірге жиналған қаражат есебінен жүзеге асырылатын бағдарламалар да.
Біз үшін ең алдымен қаражат жинау, сонымен қатар қорымыздың тарапынан жүзеге асырылатын жобаларды қысқаша таныстыру да өте маңызды, - деді Динара Гаплан.
Биыл Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің белсенді ақпараттық қолдауымен өтіп жатқан қайырымдылық балының арқасында 10 жылдың ішінде 800 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. «Болашақ» қоры түскен қаражатқа 70 мамандандырылған оңалту мекемесін, оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзивті қолдау кабинетін ашты және жабдықтады. Инклюзив саласында 500-ден астам мамандандырылған жұмыс орны ашылды. 3 мың маман мен ата-ана инклюзивті білім беру мен мінез-құлықты қолданбалы саралау бойынша оқудан өтті. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға 93 жол жүру және 17 білім беру грантты тағайындалды.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, ерекше балалардың құқықтарын жүзеге асыру үшін «Болашақ» қоры инклюзивті білім беру бөлігінде ҚР заңнамалық актілеріне 70-тен астам сапалы ұсыным мен түзетулер енігізді.