Елордада ереже бұзған қоғамдық көлік жүргізушілері мен заңсыз таксилер анықталды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада ереже бұзған қоғамдық көлік жүргізушілері мен заңсыз таксилер анықталды
ашық дереккөз

Астанада автобус жүргізушілері жасаған 191 құқық бұзушылық және жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 41 фактісі анықталды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оның ішінде маневр жасау ережелерін бұзудың 33 фактісі бар, 18 жүргізуші автобусты басқару кезінде телефонды пайдаланған, 13-і техникалық тексеруден өтпегендер. Бұзушылықтар үшін автобус парктерінің үш лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Коммуналдық тұраққа төрт көлік құралы қойылды.

Мәселен, полиция қызметкерлері Тұран даңғылымен жүріп келе жатып, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен 31 жастағы маршруттық автобустың жүргізушісін анықтады. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тағы бір жағдайда 61 жастағы автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланған. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, -деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ жедел алдын алу іс-шарасы барысында заңсыз такси жүргізушілері анықталды. Күндізгі уақытта Байтұрсынов көшесінде Chevrolet Cobalt автокөлігі тоқтатылды. Оның жүргізушісі «такси» қызметін тиісті құжаттарсыз жүзеге асырған. Өзбекстан Республикасының азаматы тиісті рұқсат беретін құжаттарсыз «Яндекс» мобильдік қосымшасы арқылы жолаушыларды тасымалдаған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.