Елордада газ жылу станциялары салынып жатыр – Алтай Көлгінов
Елордада газ жылу станциялары салынып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.
Елордада жылу беру маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескере отырып, жылумен жабдықтау нысандарының қуатын арттыру үшін тиісті жұмыс жүріп жатыр. Осыған дейін біз газ жылу станцияларын салуға кірістік. Бүгін станциялар құрылысының барысымен таныстым. Газ жылу станциялары қала экологиясына оң әсер етеді, өйткені ЖЭО сияқты атмосфераға зиянды заттардың шығарындылары жоқ, сол сияқты олардың қуаты ЖЭО қуатынан асып түседі, - деді қала әкімі.
Әкімнің айтуынша, қалада екі газ жылу станциясының құрылысы келесі жылы аяқталады.
Екі газ жылу станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысын келесі жылы аяқтаймыз. Олар келесі жылыту маусымынан бастап жұмыс істей бастайды. Олардың қуаты 800 мегаваттан асады, бұл жылу берудің қазіргі қуатын арттырып қана қоймай, құрылысы жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Келесі кезеңде біз үшінші газ жылу станциясын іске қосамыз, - деді Алтай Көлгінов.
Газ жылу станциялары Қорғалжын тас жолының бойында, жаңа теміржол вокзалы маңында және Тельман елді мекенінде орналасқан.
«Тұран» газ жылу станциясы Қорғалжын тас жолы, Тұран даңғылы бойындағы және т.б. құрылысы қарқынды жүріп жатқан аудандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.«Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясы «Мыңжылдық» ауданын, жаңа теміржол вокзалын, сол сияқты құрылысы жүріп жатқан аудандарды және т.б. жылумен қамтамасыз етеді, - деді Алтай Көлгінов.
«Тельман» газ станциясы «Бағыстан»тұрғын үй кешені, Ұлы Дала даңғылы, Тельман елді мекені және т.б. аудандарда құрылысы жүріп жатқан орындарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сол сияқты осыған дейін жаңа ауыз су станциясының құрылысы басталған. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріліп жатыр, оның толық аяқталуы - 2023 жылға жоспарланған. Бүгінде қала тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынады, жаңа ССС-3 қуаты тәулігіне 100 мың текше метрден астам су береді, - деді әкім.