Елордада «Baqytty Otbasy» орталығында президент Жолдауы талқыланды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада «Baqytty Otbasy» орталығында президент Жолдауы талқыланды
ашық дереккөз

Бүгін елордадағы «Baqytty Otbasy» орталығында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері президент Жолдауын талқылады, деп хабарлады Elorda.info.

Оған қала әкімінің орынбасары Есет Байкен және әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.

Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап өтетін болсақ, Астана қаласы әкімдігінің әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат комиссиясының белсенді жұмысының арқасында отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек, оларды дағдарыс орталықтарына орналастыру, профилактикалық жұмыстар жүргізу, халықты ақпараттандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, - деді Астана қаласы Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Шрахметова.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері елордада соңғы жарты жылда көптеген істі тыңдырған.  Бұл туралы  «Baqytty Otbasy» жобасының жетекшісі Ырза Тұрсынзада  айтты.

Бүгінгі отырыста Президентіміздің Жолдауы талқыланды. Бұл Жолдауға үміт артып отырған – қазақ даласының аналары. Әрбір балаға халықтық қорға жиналған қаражаттың  50 пайызын әр баланың жеке есепшотына салу. Бұл – үлкен бетбұрыс. Бұл – тарихи бетбұрыс. Ал 18 жасқа толған бала бұл қаражатты оқу я болмаса басқа қажеттілігіне жарата алады. Осы орайда айта кететін жайт, «Baqytty Otbasy»  орталығы аналарды оқытумен айналысады.  Бұл орталықта көпбалалы аналардың 90 пайызы ақысыз оқиды, - деді Ы.Тұрсынзада.