Елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 80 отбасыға азық-түлік себеті таратылды
Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек пен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов арнайы барып қатысты.
Аймақтың аграрлық саласы ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Жалпы биыл 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде дәнді дақылдар - 91,7 мың гектарды, майлы дақылдар - 5,9 мың гектарды, мал азықтық дақылдар - 71,3 мың гектарды, картоп, көкөніс, бақша – 19,6 мың гектарды, негізгі дақыл күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Қазір Сыр елінде күрішке орақ салынып, егін жинау науқаны қарқынды жүруде. Сондай-ақ, облыста 228,4 мың тонна картоп, көкөніс, бақша және 20,6 мың тонна ет, 50,2 мың тонна сүт өндіріліп отыр. Міне, бүгін өңір шаруаларының өндірген өнімдерін елорда жұртына әкеліп отырмыз, - деді Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов.
Жәрмеңкеде аймақта өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған.
Сырдың дихандары мен кәсіпорындары 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім түрлерін елордаға жеткізді. Оның ішінде 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімдері қойылған.
Бүгінгі жәрмеңкеге үш түрлі бұқтырылған ет, екі түрлі күріш, қарақұмық және асқабақ, сәбіз шырынын, балалар тағамын әкелдік. Олардың барлығы – еш қоспасыз, экологиялық таза, сапасы жоғары өнімдер. Қолжетімді арзан бағамен сатып жатырмыз. Халыққа таза табиғи өнім ұсыну – технолог ретіндегі басты қағидам. Мұнда адамдар көптеп келуде. Ұсынып отырған бағамыз олардың көңілінен шығуда, - дейді Қызылорда облысындағы бас технолог Қуат Шакизбаев.
Жәрмеңкеге келушілер Қызылорда облысының брендіне айналған ақ күріші мен балығын, ас тұзы, қауыны мен қарбызын қызығушылықпен алып жатыр.
Елордада апта сайын өтетін өңірлердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жібермей келіп тұрамын. Қала тұрғындары үшін Қызылорданың брендіне айналған күріш келіп жатыр. Май мен шұбатта алдым. Шұбаттың литрі 1000 теңгеден екен. Бағасы өте қолжетімді деп ойлаймын. Мұнда Қазалының кәмпиттері, тәттілері және балық өнімдері де бар екен. Арзан бағамен қауын-қарбыз да алдым. Сондай-ақ, мұнда көрме ұйымдастырылып жатыр. Көрмеде ұсынылған тамақтың дәмін татып көріп, ұнаса алуға болады. Барлығы халықтың қамы үшін жасалып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне тұрғындардың жағдайын ойлап, осындай жәрмеңкелер ұйымдастырып жатқандарына алғысымызды білдіреміз, - дейді қала тұрғыны Айнұр Жұматаева.
Қызылордалық өнерпаздар әннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Жәрмеңке аясында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты.
Бүгінгі акция бойынша Қызылорда облысынан азық-түлі толтырылған 80 себет берілді. Оның ішіне 10 келі күріш, 2 келі макарон, 5 келі картоп, 5 келі пияз, асқабақ және қауын 1 данадан салынды. Бұл акцияға Сарыарқа ауданы әкімдігінен волонтерлер қатысты. Барлық азық-түлік себеті тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы тиісті адамдарға жеткізіледі. Бұл акция Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.Мейлінше көп отбасыны қамтуға тырысудамыз. Жәрмеңке жоғары деңгейде өтуде, - дейді қалалық әкімдіктің өкілі Ерасыл Қайратов.
Айта кетейік, жәрмеңке 2 күнге жалғасады.