Елордада Ақбұлақ бұлағын оңалту жобасы іске қосылды
Жобаны іске қосуға Экология департаментінің, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» РМК, елорданың бейінді басқармасының, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС өкілдері, эко-белсенділер қатысты.
Бұл жобаның мақсаты – су қоймасының экожүйесін қалпына келтіру және биологиялық мелиорация әдісімен антропогендік жүктемені азайту.
Қамтылған пилоттық учаскенің ауданы Ақбұлақ бұлағы су айдынының жоғарғы бөлігінде 50 га-ны құрайды.
Бұл әдіс қопсытқышта өсірілген бір клеткалы жасыл балдырлардың «хлорелла» штамдарын қолдануды қамтиды.
Суспензия – балдырлар жүзетін қоректік орта. Судың бай жасыл түсі мен физикалық қасиеттері бар. Өсіру үшін планктонды штамдар қолданылады.
Тазарту және оңалту кезінде хлорелла концентрацияланған суспензиясын пайдалану нәтижесінде су айдынының экологиялық жай-күйі мынадай көрсеткіштер бойынша жақсарады деп күтілуде:
- су айдынының физикалық-химиялық көрсеткіштерін жақсарту;
- суда ерітілген оттегі концентрациясының жоғарылауы;
- су айдынының гидробиологиялық көрсеткіштерін жақсарту, зоопланктон мен зообентос санының және биомассасының өсуі;
- ихтиофауна санының артуы.