Балаларды қорғау күні елордада қалай аталып өтіледі
Білім басқармасының басшысы Балалар жылы барысында өткен бірнеше іс-шараларды атап өтті.
Жыл басында «Қазақконцерт» орталық концерт залында 1000-нан астам бала қатысқан ХV қалалық «Шаттық-2022» Гала-концерті ұйымдастырылды. Сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау бөлімі ашылды. Сәуір айында №88 мектеп базасында аутизм диагнозы бар балаларды қолдау кабинеті мен «KOKTAL JUNIOR HALL» спорттық-шығармашылық орталығы ашылды. Бұдан басқа техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 2 550 орынға ұлғайтылды, – деді Қасымхан Сенғазыұлы.
Сондай-ақ алдағы Балаларды қорғау күніне орай жоспарланған бірнеше іс-шараларды атады. Мәселен, «Астаналық», «Триатлон», «Жетісу», «Жерұйық» саябақтары, «Қаламгерлер», «Demalys Promenad» алаңдары, «Есіл» өзенінің жағалауларында («Арбат») мерекелік концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстар, конкурстар ұйымдастырылады.
«Нұрсая» тұрғын кешенінде 1500-ден астам баланы қамтитын әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының филиалы мен Кенесары көшесінде көркемсурет мектебі ашылады. Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында IT бағыты бойынша «SANA» креативті білім беру орталығында 400-ден астам бала тегін білім алады. Сондай-ақ амфитеатрда 1000-нан астам бала қатысатын «BALAPAN ӘЛЕМІ» республикалық фестивалі өтеді, – деді басқарма басшысы.
Брифингте бұдан өзге балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері де қозғалды. Қаладағы 176 025 оқушыны қамтитын 92 мектепте 1-4-сынып оқушыларына арналған мектеп жанындағы және қала сыртындағы, 2 профильді, 2 шатырлы лагерлер жұмыс істейді. Сонымен қатар, Оқушылар сарайы жанында жазғы лагерлер де 3 маусымда өз жұмысын бастайды.