Елорданың бірнеше көшесінде қозғалыс өзгеретін болды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елорданың бірнеше көшесінде қозғалыс өзгеретін болды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17210741169458646.webp)
Түркістан көшесін кеңейту жұмыстары жуырда ғана аяқталды. Көліктердің Ұлы Дала даңғылына оңға және солға бұрылатын қатары көбейді. Осыған байланысты қаланың бұл аумағында кептеліс азайды. Алайда жыл соңына дейін Түркістанның Керей, Жәнібек хандар мен Ұлы Дала арасындағы бөлігіне автобус жолағы сызылады. Қазір елорданың 23 көшесі бас лейнмен қамтылған. Арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 59 шақырымнан асады. Алдағы 2 жылда қаланың тағы 15 аумағында автобус жолдары пайда болады. Олар да жолаушылардың саны, қоғамдық көліктің жүру жиілігі сияқты факторлардың негізінде таңдалды. Бұл ретте қос жағалаудың да көшелері қамтылады.
«Тұран даңғылында көптеген медициналық ұйымдар бар. Жедел жәрдем көліктері көп жүреді. Бас лейн сызылғаннан кейін олардың жету уақыты біздің бағдаршам арқылы да 30 пайызға қысқарды. Бұл 1,5 минуттан 2 минутқа дейін. Адам өте күрделі жағдайда келе жатқанда 2 минут өте маңызды рөл атқарады. Сол себепті жүргізушілерден кішкене түсіністік танытуды сұраймыз», - дейді CTS компаниясы қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.
Сондай-ақ қалалық Полиция департаменті Республика, Бөгенбай батыр және Тілендиев көшелеріндегі кей бұрылыстарды қайта қарастырып жатыр.
«Бізде статистика жүргізіледі. Яғни кептеліс болған, мәселен бір жолақтан солға бұрылу және айналу аз болған жағдайда, біз екінші және кейбір жерлерде үшінші жолдармен айналуға рұқсат береміз», - дейді қалалық ПД жол және техникалық инспекция бөлімінің инспекторы Арман Ыдырысов.
Жол компаниясының және Полиция департаментінің өкілдері "Өзгеріс енгізілмес бұрын жолаушылар мен жүргізушілердің пікірі ескеріледі" дейді. Мысалы, аталған Ұлы Дала көшесіне автобус жолағын сызуды әлеуметтік желіде жерігілікті тұрғындардың өздері сұраған.