Астанада бір күнде карантин талаптарын бұзған 8 мекеме жауапқа тартылды
Әкімдік мәліметінше, күн сайын олар қаланың 100-ден астам мекемесі мен сауда нысандарында шектеу шараларының сақталуын тексереді, ондаған карантин бұзушылықты анықтайды. Мәселен, өткен тәулікте 8 кәсіпкерлік нысанының карантин талаптарын бұзғаны анықталды. Есіл ауданында Chechil Pub барында, Чир-Chic, Veranda мейрамханаларында жұмыс тәртібі сақталмаған. Сондай-ақ, Аlanya караоке-мейрамханасы есіктерін жауып жұмыс істеген. Сарыарқа ауданында карантин талаптарын бұзғандар тізімінде K-RIMA дәмді палау орталығы, "Пей здесь" лаундж-бары бар. Белгіленген уақыттан кейін Алматы ауданында орналасқан "Еда мира" кафесіне, Пар house, Parilkino сауналарында келушілерді қабылдаған. Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды. Қазір Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып отыр. Күн сайын шаһарда КВИ ауруының 1 300-ден астам жаңа жағдайы анықталып жатыр. Аурудың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге жуық пациент инфекциялық стационарларға түсуде. Осыған байланысты мамандар астана тұрғындары мен қонақтарын, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандарын санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауды сұрайды. Инфекцияның өсуін тоқтатудың жалғыз тиімді әдісі – екпе егу арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Ол үшін вакцинаны халықтың 60%-дан астамы алуы тиіс.