Елордада қоғамдық көлік қалай дезинфекцияланады
Бір күнде №3 автобус паркінің 114 көлігі жолға шығады. Олар 8 қалалық бағдарға қызмет көрсетеді. Бұнда жұмыс таңғы сағат 6-да басталып, түн ортасына қарай аяқталады. «Бізде автобустар күніне бірнеше рет, яғни үзілістер кезінде дезинфекцияланады. 1% хлор ерітіндісімен сүртіледі. Ол адам денсаулығына қауіпсіз. Ал демалыс күндері қоғамдық көлік мұқият тазаланады. Дезинфекциялық заттар жеткілікті», - деді №3 автобус паркінің директоры Нұрбол Ысқақов. Дезинфекцияны ауысыммен жұмыс істейтін 6 дезинфектор жасайды. Орташа алғанда бір қоғамдық көлікті залалсыздандыруға шамамен 15 минут кетеді, одан кейін ылғалдап тазаланады. «Мен №3 автобус паркіне жұмыс істеуге 2019 жылы келдім. Пандемия басталған кезде дезинфектор ісін арнайы оқып алдым. Қоғамдық көлік жуылады, одан кейін біз дезинфекциялаймыз, сосын ылғалдап тазалаймыз. Тұтқаларды, орындықтарды, жолаушылар көп ұстайтын жерлердің бәрін сүртеміз. Біз, екі дезинфектордан бірігіп, бір ауысымда шамамен 40 автобусты залалсыздандырамыз», - деді автопарк дезинфекторы Әсемгүл Қасенова. Оның айтуынша, жұмыс күндері әр қоғамдық көлік кем дегенде күніне екі рет дезинфекцияланады. Залалсыздандырылмаған автобус жолға шықпайды.