Елорданың инфекциялық стационарларындағы жүктеме 72%-ды құрап отыр

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елорданың инфекциялық стационарларындағы жүктеме 72%-ды құрап отыр
ашық дереккөз

«Елордада коронавирустық инфекцияның өршуі байқалып келеді. 22 шілде бойынша инфекциялық стационарларда 2 556 науқас жатыр, оның ішінде КВИ-ге шалдыққандар 2 270 адам, пневмониямен 286 науқас. Осылайша жүктеме 72%-ды құрап отыр. Стационарларда 3 562 төсек-орын бар. Қазір КВИ-мен күресуге 16 инфекциялық стационар тартылған. Аурудың өсуіне байланысты қалалық ауруханаларды инфекциялық ретінде қайта бейімдеуге және әзірге күндізгі стационардың жұмысын, жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтатуға тура келеді. Осылайша, басқа медициналық клиникаларда түрлі профильдер бойынша науқастарды ауруханаға жатқызу жүктемесі сезіледі. Қабылданған шаралардың барлығы коронавирустық инфекциямен ауыратындардың саны күн сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Біз төсек-орын санын көбейтуге және адами ресурстарды ұлғайтуға мәжбүрміз. Өткен тәулікте 333 адам жатқызылды. Бар инфекциялық төсек-орынның 1 006-сы ғана бос, оның ішінде 62-сі - реанимациялық төсек-орын. Жансақтау бөлімінде 230 науқас, КВИ-мен – 203 адам жатыр. Өте ауыр халде – 70 науқас, ал 47 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Әсіресе, азаматтар өздері үй жағдайында емделуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханаларына ковидтің ауыр түрімен түсіп жатқанын атап өткім келеді. Медициналық көмекке бірден жүгінбеу, дәрігердің қарауынсыз тікелей антикоагулянттармен емделу салдарынан науқастарды реанимация бөлімшесіне ауыстыруға тура келеді», - деді Мұратов «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай» туралы брифингте.