Ұлттық құндылықтар ұлықталды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ұлттық құндылықтар ұлықталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107666340558786.webp)
Тағылымдық мәні бар шарада қаладағы этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұжымдары өнер көрсетті. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шара мақсаты – Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктерді дәріптеу, астананың оң имиджін қалыптастыру, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Концертте 20-ға жуық өнер туындысы көрермен назарына ұсынылды. Оның ішінде түрлі ұлт өкілдерінің шығармаларымен қатар, қазақтың халық әндері де бар. Амфитеатр сахнасында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйым өкілдері өнер көрсетті. «Бүгінгі мәдени шарада өзге ұлт өкілдері өнер көрсетіп, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ұлттық құндылықтың айшықталуы – мәдени мұрамызды өскелең ұрпаққа насихаттау жолында маңызы зор. Ашық аспан астындағы концертте патриоттық әндер шырқалды. Белді әншілермен қатар, талантты жастар да өнерін ортаға салды. Шара 18:00-де басталып, 20:30-ға дейін жалғасты. Барлық карантин талаптарына сай өткізілді. Өнерсүйер қауым амфитеатрға Ashyq қосымшасы арқылы кірді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының орынбасары Нұркен Әбдіғали.
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ