Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды
Жер қойнауының сиқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының маңдайына біткен біртуар азаматы. Ол аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік өреге көтерілген ойшыл ғұлама. Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениетті үрдістің көш басында болып, кемеңгер ғалым атанды. Іс-шараға шақырылған ҰҒА академиктері қала әкімдігінің бұл игі ісін ғалымның өзі негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған тартуы деп бағалады. Оның авторы – белгілі мүсінші, бірқатар еңселі ескерткіштердің авторы Асқар Нартов. «Бүгін қазақ елі үшін тарихи да бақытты күн деп санаймын. Себебі қазақтың алыбы, планеталық деңгейдегі тұлға, алғашқы академик Қ.Сатбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – әрбір қазақ үшін мақтаныш. Қ.Сәтбаевтың Қазақстанның индустриялық даму жолындағы кемеңгерлігі, ғылыми жан-жақтылығы, әлемдік дәрежедегі ойшылдық қабілеті, елдің күш-қуатын арттырудағы орасан еңбегі, үлкен ұйымдастырушылық дарыны, сирек кездесетін адамгершілік қасиеттері халықтың шексіз махаббатына, өшпес құрметіне бөледі. Баянауыл топырағынан шығып, қазақ елін әлемге танытқан ұлы тұлға деп санаймын. Ендеше ұлт мақтанышының еңбегі халық жадында сақталып, кейнгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола берсін дегім келеді. Біз бақытты ұрпақпыз, оның үстіне мен Қ.Сатбаевтың туысы ретінде екі есе бақыттымын. Ескерткіш жобасы жасалмай тұрып, яғни үш жыл бұрын талай жұмыстар атқарылды. Ауқымды жобаны соңына дейін жеткізгенімізге, еңселі ескерткіштің орнатылғанына Аллаға шүкір дегім келеді», - деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы. Облыстық тарихи-мәдени мұрасын қорғау және пайдалану жөніндегі комиссия хаттамасының негізінде іріктелген үздік эскиздер жеңімпаздарды анықтау үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды. Қазақстанда монументалды өнердің жаңа құрылымдарын құру жөніндегі комиссияның 2019 жылғы 20 қарашадағы № 10 хаттамасына сәйкес Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі мүсінші Асқар Нартовтың (Нұр-Сұлтан, Семей, Павлодар қалаларындағы Абай ескерткішінің және Қазақстандағы өзге де ескерткіштердің авторы) жобасы жеңімпаз болды. «Қ.Сатбаевтың жер қойнауын зерттеу саласында жасаған еңбегі ұшан теңіз. Бүгінде Қазақстан мұнайға бай ел дегенді кеуде керіп мақтанышпен айтамыз. Сол мұнайдың көзі болған Маңғыстау түбегін алғаш тауып, өз болжамын айтып кеткен Қаныш Сәтбаев. Тіпті сол жерге Ақтау қаласын салуға тікелей ықпал еткен де Қаныш Имантайұлы болатын. Қазіргі уақытта геологтарға тиісті дәрежеде мән берілмей жатыр. Геологтарға арнап елімізде ерекше ескерткіш қоюға болар еді. Себебі экономикамыздың 70 пайызы геологияға байланысты. Елімізде қазба байлықтарды зерттеу жұмыстары дұрыс жүргізілмесе, мұнай, газ, алтын, мыс та болмайды. Ескерткіштің қойылғаны сол бір олқылықтың орнын толтырды. Жастарымыз ескерткішке қарап, ұлт мақтанышынан үлгі алса, болашағымыз жарқын болады», - деді ҚР саяси қоғам қайраткері, академик Даукей Серікбек. Бұл ескерткіш – Нұр-Сұлтан қаласына Елорда күніне орай берілген Павлодар облысының тартуы. Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі – 5,25 м, салмағы – 4,9 тонна. Тұғыр тасы граниттен жасалған, биіктігі – 5,8 м, салмағы – 3,6 тонна. «Халқым менен де биік» деп, елін өзінен биік қойған қайраткер Қаныш Сәтбаев – планетаға аты берілген жалғыз қазақ. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 12,5 метр. 10 ай бойы 5 түрлі жоба жасадық, соның ішінен біреуі таңдалды. Қазақ халқы үшін ерінбек еңбек еткен арда азаматтың ескерткіші қазақ елінің еңсесін биіктетіп тұрады деген сенімдемін», - деді ескерткіш авторы.
Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ