DAMDI QALA аспаздық байқауының қорытындысы шықты
Әкімдік мәліметінше, оның қатысушылары кондитерлік өнімдер жасап шығарды. Байқауды Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» МКҚК ұйымдастырды. Байқаудың финалында еліміздің әр өңірінен келген 10 қатысушы өздерінің авторлық десерттерін ұсынды. Конкурс жеңімпазы әрі 250 мың теңге ақшалай жүлденің иегері – Жанна Бақтыбаева, ал екінші орын және 100 мың теңге Лазат Баймұқановаға бұйырды, үшінші орын және 40 мың теңгені Әйгерім Әлімқожаева мен Әйгерім Усейн бөлісті. Жеңімпаз-десерт сфера түрінде әзірленген, оған «әлем» деген атау берілді. Жентті пайдалана отырып жасалған тағам қазақ және әлемдік кондитерлік дәстүрлерді біріктірген. Кондитерлік өнімдер елорданың кафе, мейрамханаларының мәзіріне қосуға ұсынылады және рецепт авторының есімімен аталады. «Біз қала әкімдігі тарапынан осындай бастамалардың бар екеніне өте қуаныштымыз. Бұл мегаполистің мәдениетін арттырып қана қоймай, аспаздық дәстүрлердің қалыптасуына және туристік фишкалардың пайда болуына ықпал етеді», - деді сараптау комиссиясының төрағасы, қоғамдық тамақтану және сервис орталығының басшысы, World Skills чемпионаттарының бас ұлттық сарапшысының орынбасары Григорий Кныш. Аспаздық конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау 2021 жылдың 5-25 маусым аралығында өтті. Қазақстанның 9 қаласынан барлығы 62 өтінім келіп түсті. Байқауға қатысушылар десертті дайындаудың барлық кезеңдерінің рецепі мен фотосуреттерін ұсынды. 25 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі» МКҚК құзыреттілік орталығында финалистерді іріктеу өтті. Қазылар алқасы өнімдерге баға бергенде оны дайындаудың қарапайымдылығы, жергілікті өнімдерді пайдалану, дәм сапасы және нағыз аспаздық хит болу мүмкіндігін басшылыққа алды. Іс-шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.